ІРІ ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ — ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Тарихы терең, мәдениеті бай Түркістан қаласы бүгінде тек рухани астана ғана емес, еліміздің экономикалық дамуында маңызды орынға ие өндірістік орталыққа айналып келеді. Қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалып, жаңа өндіріс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асырылуда. Соның ішінде жиһаз өнеркәсібі Түркістан экономикасының жетекші саласына айналып, республика көлемінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Соңғы жылдары қалада жүздеген мың дана жиһаз өнімдері шығарылып, ішкі нарықтан бөлек, еліміздің өзге өңірлеріне және шетелдік нарықтарға экспортталуда. Бұл жетістіктер, ең алдымен, жергілікті кәсіпкерлердің қажырлы еңбегінің, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің нақты нәтижесі екені анық. Таяуда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы жиһаз өндірісімен айналысатын жетекші кәсіпорындарды аралап, өндірістік үдеріс барысымен танысты. Қала басшысы «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» мекемелеріне арнайы барып, жұмысшылармен, кәсіп иелерімен кездесті, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Идеал Туркестан» ЖШС – Түркістандағы жиһаз өнеркәсібінің алдыңғы қатарлы өкілі. Қаладағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі болып саналатын кәсіпорын 0,5 гектар аумақта орналасқан. Жылына 100 000 дана дайын өнім шығаратын бұл мекеме 130 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы – 1,0 миллиард теңгені құрайды. Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған кәсіпорын өндірістік қуатын үнемі арттырып келеді.
«LIDER GROUP» ЖК – жиһаз өндірісінде өзіндік орны бар кәсіпорын. 0,55 гектар аумақты алып жатқан зауыт жылына 80 000 дана жиһаз өнімін шығарады. Мұнда 60-70 азамат еңбек етіп, 1,55 миллиард теңге көлемінде қаржы айналымын қамтамасыз етуде. Компания өнімдері сапасы мен қолжетімді бағасының арқасында тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие. Ал «ASIA BREND» – Түркістандағы ең үлкен өндірістік аумаққа ие кәсіпорындардың бірі. 1,5 гектар жерді алып жатқан бұл мекеме жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шығара отырып, 170-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қаржылық айналымы – 1,2 миллиард теңге. Жоғары сапа мен кең ассортимент арқасында бұл кәсіпорын да өз орнын нықтап үлгерді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың жұмысын жоғары бағалап, олардың өңірлік экономикаға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Әкімнің айтуынша, Түркістан қаласында кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілетін қаржылық жеңілдіктер, инфрақұрылыммен қамту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу – кәсіпкерлердің сенімін нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Сонымен қатар, әкім мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана отырып, өндіріс ауқымын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу қажеттігін баса айтты. Бұл ретте кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі мен тұрақты даму стратегиясы да маңызды рөл атқарады Бүгінгі таңда Түркістан қаласы тек тарихи-мәдени ғана емес, өндірістік әлеуеті жоғары экономикалық орталық ретінде де қалыптасып келеді. Қалада кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға арналған өндірістік аймақтар дамып, инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып, болашақта жаңа зауыт-фабрикалардың, индустриялық нысандардың ашылуына серпін береді. Қалада өндіріс орындарының артуы – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, Түркістан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, өңірдің экономикалық дербестігін нығайтатын маңызды факторлардың бірі болмақ.









