ЗАМАНАУИ СӘУЛЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ ҚАЛАҒА КӨРІК БЕРІП ТҰР

Түркістан – тек тарихи мұраларымен ғана емес, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан заманауи қалалық инфрақұрылымымен де көз тартатын ерекше шаһарға айналды. Ежелгі тарих пен жаңа заманның тоғысқан ордасы саналатын қалада бүгінде көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алған. Соның жарқын дәлелі – қала аумағында бой көтерген ондаған сәнді субұрқақтар.
Бүгінде Түркістан республика бойынша субұрқақтар саны жөнінен алдыңғы қатарда. Қалада 100-ге жуық субұрқақ жұмыс істеп тұр, әрқайсысы өзіндік бірегей дизайнмен ерекшеленеді. Бұл су көздері тек эстетикалық мақсатта ғана емес, сонымен қатар қаланың микроклиматын жақсартып, ауа райының қолайлы болуына ықпал етуде. Субұрқақтардың арасында ұлттық нақышта безендірілген туындылар да, заманауи сәулет өнерінің озық үлгілеріне негізделген құрылымдар да бар. Айталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы субұрқақ қазақтың дәстүрлі өрнектерімен көмкерілсе, қала орталығындағы басқа нысандарда геометриялық стильдер мен қазіргі заманға сай жарықтандыру жүйелері қолданылған. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары бұл субұрқақтарды күн сайын таңғы 10:00-ден кешкі 23:00-ге дейін тамашалай алады. Әсіресе кешкі уақытта субұрқақтар ерекше сұлулыққа енеді. Түрлі-түсті жарықтармен көмкерілген субұрқақтарда музыкалық-светтік су шоулары ұйымдастырылып, қалаға келген туристер мен тұрғындарға ғажайып атмосфера сыйлайды.
Субұрқақтар – жай ғана сәулеттік нысандар емес, олар қаланың жаңа келбетін қалыптастыратын маңызды элементтердің бірі. Түркістанның жыл сайын жаңарып, абаттанып келе жатқанының бір белгісі де – осы су бұрқақтарының көбеюі. Олар қоғамдық орындарда серуендеуге, демалуға, балалармен уақыт өткізуге өте қолайлы жағдай туғызып отыр. Сонымен қатар субұрқақтар қаланың символикалық мәнін де арттырып отыр. Су – тіршіліктің көзі, ал субұрқақ – осы өмір нышанының көркем түрде бейнеленуі. Түркістанның дамып келе жатқан қалалық мәдениеті мен сәулеттік стилінің дәлелі ретінде бұл субұрқақтар өңірдің туристік әлеуетін де еселей түсуде. Жалпы алғанда, Түркістан тек тарихи-рухани орталық ретінде ғана емес, заманауи сәулет пен жайлы қалалық өмірді үйлестіре білген тартымды қалаға айналып келеді. Субұрқақтармен көмкерілген көрікті көшелер мен алаңдар – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың айқын көрсеткіші.









