ЭКОЛОГТАР МОНИТОРИНГ НӘТИЖЕЛЕРІН ЖАРИЯЛАДЫ

0
Шымкент қаласында өзендердің экологиялық жағдайы мамандардың ерекше бақылауында. Экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі жыл бойы қаладағы су, ауа және топырақ сапасына мониторинг жүргізіп келеді.
2025 жылы департамент зертханасының мамандары 82 нысанға шығып, 242 хаттама толтырған. Оның ішінде шағымдар негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерулер кезінде 182 хаттама, ал жоспарлы мониторинг барысында 60 хаттама рәсімделген. Жалпы саны 2 277 сынама алынып, 12 478 зертханалық талдау жүргізілген.
Соның ішінде атмосфералық ауа бойынша 2 038 сынама алынып, 9 244 талдау жасалған. Су объектілерінен 188 сынама алынып, 2 839 талдау жүргізілген. Ал топырақтан алынған 51 сынама бойынша 395 зертханалық зерттеу жасалған.
Экология департаментінің зертханасы Шымкент қаласы арқылы өтетін Қошқар-Ата, Қарасу, Бадам және Сайрамсу өзендеріне, сондай-ақ Қосдиірмен, Тоғыс, Текесу, Шымкент және БМК каналдарына жылына екі рет мониторингтік зерттеу жүргізеді. 2025 жылы су объектілері бойынша 156 сынама алынып, 2 364 талдау жүргізілген.
Зерттеу нәтижелері өзендердің төменгі ағыс бөлігінде ластаушы заттардың концентрациясы артқанын көрсеткен. Мамандардың айтуынша, өзен суының сапасына қаланың ирригациялық желілерінен тасталатын төгінділер, сондай-ақ өзен арналарының тұрғын үйлер тығыз орналасқан аудандар арқылы өтуі кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар Қошқар-Ата және Бадам өзендерінің ластануына жағалау бойындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне қосылмауы да себеп болып отыр.
Қала аумағындағы экологиялық жағдайға әсер ететін тағы бір мәселе – бейберекет қоқыс орындары. 2025 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімдері арқылы Шымкент қаласында 46 заңсыз қоқыс орны анықталған. Экология департаментінің ұйымдастыруымен аудан әкімдіктері бұл аумақтарды шұғыл түрде тазартқан.
Бұдан бөлек, Экология департаменті мен қала прокуратурасы бірлесіп жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында қосымша қоқыс орындары анықталып, тиісті шаралар қабылдамағаны үшін Тұран, Қаратау, Абай, Әл-Фараби және Еңбекші аудандары әкімдіктерінің жауапты лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұлдар салынған.
2026 жылдың алғашқы екі айында да экологиялық бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Осы кезеңде 10 мекемеге тексеру ашылып, жалпы сомасы 18,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 2 ақпанда әлеуметтік желіде жарияланған бейнероликке байланысты Экология департаментінің мамандары Бадам өзенінен және құбырдан төгілген сарқынды судан сынамалар алған. Тексеру барысында Еңбекші ауданындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан өтетін канализациялық құбырдың жарылып, сарқынды судың Бадам өзеніне түсіп жатқаны анықталған. Қазіргі уақытта құбыр қалпына келтіріліп, сарқынды су тоқтатылған.
Осы дерекке байланысты «Строй Гарант XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 331-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылы қаладағы өзендер мен атмосфералық ауа сапасына мониторингті кеңейту, заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша рейдтерді жалғастыру және пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі.

ПІКІР ЖАЗУ