БІЛІКТІ КАДР ДАЯРЛАУҒА САПАЛЫ ОҚУЛЫҚ КЕРЕК
немесе оқулық тапшылығы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын тарылтып отырған жоқ па?
Қазақ тіліндегі мектепті бітірген оқушы жоғары оқу орнында орыс тілін меңгеруге мәжбүр. Сондықтан орыс тіліне оғаш қарағаннан емес, қазақ тілінің болашағына уайымдағаннан қолыма қалам алып отырмын. Осы тұста, аз-кем артқа шегініс жасайын. Жоғары оқу орнын академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде оқыдым. Жатақханада өзге факультеттің студенттерімен қатар тұрдық. Міне, сонда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалар тілін сындырып, орысша үйреніп жататын. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқығандықтан, бастапқыда мұны тіл білуге деген құштарлық, білім алуға деген талпыныс деп қабылдағаным рас. Бертін келе, мұның қызығушылық емес қажеттілік екенін анық түсіндім. Бұл – бір.
Жыл сайын жоғары сынып оқушыларын ұлттық біріңғай тестілеуге дайындаймыз. Аңғарғаным, қазақ тілінде білім алатын оқушылардың дені орыс тілін жетік меңгеруге талпынып, арнайы курстарға жазыла бастайды. Бұл тенденция, әсіресе, техникалық мамандықтарды меңгергісі келетін оқушылардың арасында белең алып келеді. Өйткені бұл тілді білмеген студенттің жоғары оқу орнында үлгерімі төмендейді, тіпті, мемлекеттік гранттан қағылуы мүмкін. Сондықтан аға-әпкелерінің кеңесімен орысша кітаптар оқып, аталған тілді меңгеруге талпынады. Мұның себебін тарқатпас бұрын көрсеткіштерді саралап көрейік.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 6909 мектеп бар. Оның 3743-і немесе 54,2 пайызы қазақ тілінде білім береді. 2106-сы аралас мектеп болса, 1055 білім ордасы орыс тілінде сабақ өтеді. Демек елімізде 3,5 миллионға жуық оқушы бар десек, қазақ тілінде білім алатындардың саны 2,3 миллионнан сәл ғана асады. Бұл — жалпы көрсеткіштің 66,2 пайызы. Оқушылардың 1,1 миллионға жуығы немесе 31 пайызы орыс тілінде ғаламды таниды. Осы тұста айрықша айта кетерлігі, қазақ тілінде білім алатын балалардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Бір қарағанда, жағдай тұрақталып, жақсарып келеді. Әйткенмен іс жүзінде бәрі басқаша. Біріншіден, мектеп кітапханаларын алып қарайық. Ондағы жалпы кітап қорындағы мемлекеттік тілдегі кітаптардың үлесі – 30 пайыз шамасында. Оның дені Кеңес Үкіметі тұсында жарыққа шыққан кітаптар екенін де ұмытпауымыз керек. Демек белгілі бір пәнге қызығатын оқушылар мен дарынды балаларды тереңдетіп оқытатын мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамти алмай отырмыз. Әрине, мектеп бағдарламасына қажет қазақ тіліндегі оқулықтар барын ескерсек, бұл – ауқымды мәселе емес секілді көрінеді. Дегенмен түйткіл мұнымен шектелмейді. Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінің біріктіріп оқытылатынын да көзіміз көрді. Мұндай аралас оқыту жүйесі нәтиже бере ме? Жоқ. Өйткені екі пәнді қатар меңгеру оқушыға қиындық тудырады. Сондықтан өзге тілде білім беретін мектептерді бітірген оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі төмен. Ал жалпы халықаралық тәжірибеде тіл білімі кез келген елде міндетті пән ретінде бөлек оқытылады. Осының өзі орта білімде мемлекеттік тілдің кең қолданысқа ене алмай отырғанына себепші болуда.
Техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары білімде мәселе ушыға түседі. Көрсеткіштерге сүйенсек, елімізде 772 колледж бар. Оның ішінде 162 мекеме қазақ тілінде, 73 мекеме орыс тілінде, 548 мекеме аралас тілде білім береді. Қазақ тілінде білім алушылардың көрсеткіші шамамен 60 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, биыл бұл бағытқа 133 мың грант бөлінді. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталып отыр. Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға артпақ. Демек сұраныстың артатыны бесенеден белгілі. Осы тұста, елімізде техникалық мамандықтар жетіспейтінін ескергеніміз жөн. Қош делік, дәл осы техникалық мамандыққа түскен студенттердің білімді айдан алмасы анық қой. Білікті маман даярлауға сапалы оқулық керек. Ал бізде бұл бағыт тағы да ақсап тұр. Білім беру ұйымдарының жалпы кітапхана қоры 18 миллионнан асып жығылады. Оның ішіндегі мемлекеттік тілдегі кітаптар саны 6 миллион шамасында. Яғни студенттердің 60 пайызы мемлекеттік тілде білім алғанымен, қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттер үлесі небәрі 35 пайыз шамасында. Бұл мәселе, тіпті, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрсетілген. Демек студенттерде таңдау жоқ. Қаласа да, қаламаса да сапалы маман болу үщін, зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігінен орыс немесе ағылшын тілін оқуға, меңгеруге мәжбүр болады. Сәйкесінше, біздегі білім беру жүйесінің өзі қазақ тілімен ғаламды танып, әріп таныған баланы орыс тілін жетік білуге, сөйлеуге, аталған тілде ғылыммен айналысуына мәжбүрлеп отыр.
Жоғары оқу орындарында да жағдай осыған ұқсас. Көптің есінде болса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2017-2020 жылдары қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту жөніндегі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асты. Нәтижесінде «Философия», «Мәдениеттану», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану» пәндерін оқыту кезінде базалық әдебиет ретінде қолданылатын кітаптар мемлекеттік тілде жарық көрді. Нақтырағы, қазақ тіліне аударылды. Әйткенмен мұның өзі саладағы оқулық тапшылығын толықтай жойған жоқ.
Оқулық жазу оңай шаруа емес. Бәлкім, сондықтан да болар, ғылыми еңбектер мен оқулықтарды мемлекеттік тілде жазу немесе аудару кең көлемде жүргізілмей келеді. Дегенмен нарықтың заңдылықтарын ескерген жөн. Бүгінде бірқатар салаларға қатысты кітаптарды жекеменшік қорлар мен баспалар аударып, оқырман назарына ұсынып келеді. Оның ішінде «Мазмұндама» қорының шығарған кітаптарын айрықша атап өтуге болады. Сұраныс бар. Ұсыныс та жақсы. Тарихқа көз жүгіртсек, өміршең жобалардың дені – нарық заңы бойынша жеке меншікке тиесілі. Сондықтан оқулық шығару ісін коммерцияға беру ұсынысын қарастырып, талдап көру керек деген ойдамын. Бастапқыда кемшіліктің көп болары айқын. Осы тұста «Мәскеудің бір күнінде құрылмағанын» ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының өзі мемлекеттік тілде оқулықтар шығару ісіне айрықша көңіл аударып, тапсырыс беру жағын қарастырғаны жөн. Өйткені мемлекеттік тілде оқыту міндетін алғаннан кейін білім беру ісін толықтай қазақ тілінде жүргізуі шарт емес пе?! Ал баспалар мен жеке авторларға ойыссақ, бәсеке бар жерде дамудың болатыны айқын. Қазақ тілінде сапалы оқулық шығып жатса, жоғары оқу орындары тарапынан сұраныстың болары белгілі. Ал енді лицензия беру міндетін баспаларға беру немесе бермеу мүмкіндігін сала мамандары салмақтай жатар…
Сөз жоқ, қазіргі жаһандық өркениет жетістіктерін ескерсек, бір ғана оқулықпен қазақ тілін өміршең ете алмасымыз анық. Сәйкесінше, техника мен технологияны мемлекеттік тілде сөйлетуге де басымдық берілгені жөн. Қазақтың қара домалақтары «Сири» мен «Алисаны» қазақша сайратып, «Google» арқылы кез келген ақпаратты мемлекеттік тілге сапалы аударып, қажетіне жаратса, өзге тілге деген мұқтаждықтың азаяры анық. Бұл енді – басқа мәселе!
Насиба МОМЫНХАН,
№76 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Сарыағаш ауданы, Дербісек елді мекені.