БҮГІНГІ БҮЛДІРШІН ҚАЙ ТІЛДЕ ҒАЛАМДЫ ТАНЫСА, ЕРТЕҢГІ ҚОҒАМ СОЛ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ

0
Сурет интернет желісінен алынды

Тіл – ұлтты ұйыстырушы құрал. Әйткенмен соңғы уақыттарда мемлекеттік тіл төңірегінде туындаған дауды әкеліп ұлтаралық араздыққа ұластырғысы келетіндерді жиі байқап жатырмыз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттардың ұсақталып, тілдердің жойылып бара жатқаны да белгілі. Осындайда «ұлы даланың төсінде туса да, тар заманның шеңберіне сыймай, ұлт пен тілдің болашағы үшін күресіп, саналы ғұмырын тар қапаста өткізген, жұрты үшін жанын берген Алаш ардақтыларының жанқиярлық еңбегі еш кетпей ме?» деген заңды сауал санамыздан сығалайды.

Ұлтымыздың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «…һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз» деген болатын. Қош делік, тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған уақытта еліміздегі қазақтың үлесі жалпы халықтың жартысына да жетпейтін еді. Міне, сондықтан тіл мәселесіне келгенде тіліміз күрмелді. Әйткенмен заман бір орында тұрмайды. Соңғы 32 жылда қазақтың үлесі 70 пайызға жуықтады. Ұлттық мәдениетіміз ұлықталды. Отарлықтың қамытына мойын салған әдебиетіміз азаттық алды. Әйткенмен тұтас ел тәуелсіздіктің тәтті ауасын жұтқанымен, өзге тілге деген кіріптарлық азаймай отыр. Шекарамызды шегендегенімізбен, қоғамымыздың қақпағын жаһандану деген алапат күшке ашып бердік. Бала біткен телефонға телміреді. Оны қадағалайтын ата-ана әлеуметтік желіден бас алмайды. Содан да болар, Алаштың тағдырына алаңдаған азаматтардың ұрпақтары айналаны жат тілде танитын болды. Қазақылықтың қаймағы қалқыған отбасында ана тілін білмейтін балалар өсіп шықты. Ұлттық құндылықтардың ұпайын түгендейтін өңірлерде өзге тіл кең қолданыла бастады. Соңғы уақытта қазақ тілін жетік білетін азаматтар мен мемлекеттік тілді місе тұтпайтындар арасында дау күшейді. Өзге емес, өзіміздің қазақ қақ бөліне ме деген алаңдау басым. Себебі бір үйде ғұмыр кешсе де, түрліше түс көретін қоғамның соңы – революция. Қайтпек керек!?

Тақырыпты тарқатпас бұрын әлеуметтік желідегі ағайынның ойын сараладым. Барлық үндеу мен ақпараттың мәні біреу – «қазақтың нанын жеп, ауасын жұтқан адам қазақ тілін білуге міндетті» деген мағынаға саяды. Қош делік, ел халқының үштен екісін қазақ құрағанымен, өзге ұлттардың әлі де болса көп екенін ұмытпау керек. Бүгінгідей жаһандық саясат сағат емес сәт сайын құбылып тұрған уақытта «аюға намаз үйреткен таяқ» принципімен тілді үйретуге әсте болмайды. Өйткені қазақ тілін керек етпейтіндердің артында кімнің тұрғанын көкірегі ояу әр адам сезеді, біледі. Қала берді, ана тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша өзекті мәселелердің барын ұмытпауымыз керек.

Қазақ отбасындағы бала қалайша өзге тілде сөйлейтін деңгейге жетті? Мұның артында баршамызға жақсы таныс ғаламтор жатыр. Бүгінгі бала біткен бос уақытын әлеуметтік желіде түрлі бейнежазбаларды көрумен өткізеді. Ал ондағы қазақ тіліндегі контент жеткілікті ме? Жоқ. Былтырғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі жалғыз балалар арнасы «Balapan» ашылған уақыттан бері 2248 бөлімнен тұратын 103 анимациялық жоба дайындаған. Демек осы уақыт аралығында қазақ тілінде 112 мың минуттан аса отандық өнім өндірілген. Ал мұны 17 сағат хабар тарататын арна эфирінен қайталаусыз берсек, 111 күнге ғана жетеді. Енді күн сайын көгілдір экраннан қайталанып беріп отыратын мультсериалды бала әлеуметтік желіден көре ме?! Бір көрер, қайталап тағы көрді делік. Үшінші рет қарағысы келмейді. Жалығады. Жыл сайын елімізде өндірілетін мемлекеттік тілдегі анимациялық жобаларды бала бірнеше күнде көріп тауысады. Одан кейін мәжбүрлі түрде орыс пен ағылшын тіліндегі өнімдерді тамашалайды. Міне, содан да болар, балаларымыз Машаға еліктеп, әдепсіз, Спанч Бобқа ұқсағысы келіп, есерсоқ болып барады. Демек анимацияның балаға берер әсері мол. Мұны былай қойғанда, елімізде мектеп жасындағы балаларға арналған мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көрсетілмейді. Сол себепті ғылым мен білімге қызығатын қара домалақтарымыз ғаламтордың торына шырмалып, жаңалықты жат тілде оқиды. Қоғамда өзге тілде ақпарат алмасады. Қарапайым тілмен айтқанда, «мәдени боданға» айналып барады. Сондықтан бірінші кезекте, балаларға қажет ұлттық құндылықтарды ұғындыратын, ата дәстүр мен халық әдебиетінің маңызын түсіндіретін, айналаны ана тілінде танитын мульттоптамалардың санын көбейту керек. Ең әрісі, жаһандық деңгейдегі үздік жобаларды қазақша сөйлетуге басымдық бергеніміз жөн. Әйткенмен мұның өзі жеткілікті емес. «Мемлекеттік тілді меңгеру керек!» деп дүрсе қоя беру нәтижеге апармайды. Әлдекімді кінәлау да дұрыс емес. Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақ тілін білмегенді тілдеумен, ана тілінде сөйлемегенге анайы сөз айтумен уақытты босқа өткіздік. Әркім жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Қоғам біріксе ғана, күрмеулі мәселе шешіледі.

Мектепке дейінгі білім беру ісін де ілгерілетуіміз керек. Бұл тек тәрбие ісін түзеумен шектелмейді. Балабақшаларда отандық анимациялық жобаларды жиі көрсетуді қолға алу керек. Бала қызығатын алуан түрлі кітаптарді көбейту қажет. Тіпті, өзге тілде сөйлейтін баланың өзі әдемі сурет пен әсерлі мультфильмді көргенде түсінгісі келіп, қазақ тілін үйренетін деңгейге жеткізуіміз қажет. Билік басындағы басшылар мен қалталы азаматтар мемлекеттік тілді дамыту үшін балаларға қажет мультсериал мен алуан түрлі кітаптарды шығаруға көңіл бөлуі, қаржы қарастыруы тиіс деп ойлаймын. Міне, осылайша жаһандану үйреткен «жұмсақ күшпен» ғана қазақ тілінің болашағын жарқын етуге болады. Ал енді әлеуметтік желіде жапа-тармағай өзгені кінәлаудың арты жақсылыққа алып бармайды. Бүгінгі бүлдіршін қазақ тілінде ғаламды таныса, болашақта қоғам мемлекеттік тілде сөйлейді. Басқаша болуы мүмкін емес!

Насиба МОМЫНХАН,

№76 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Сарыағаш ауданы, Дербісек елді мекені.


ПІКІР ЖАЗУ