«ҚАЗАҚ АНЕСТЕЗИОЛОГТАР МЕН РЕАНИМАТОЛОГТАР» ҚОҒАМЫНЫҢ VII КОНГРЕСІ ӨТТІ

0

Медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемиядан кейін бұл салаға айрықша көңіл аударыла бастады. Елімізде де Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, саладағы жұмысты ілгерілету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы бұл саладағы қызметтің сапасы дәрігерлердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан тәжірибе алмасуды мақсат еткен түрлі іс-шаралардың маңызы айрықша. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Түркістан қаласында денсаулық сақтау саласындағы қызметті жетілдіруді көздейтін түрлі бастамалар көтерілді. Бүгінде облыс орталығы білікті ақ халаттылар тәжірибе алмасатын алаңға айналып келеді.

Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін нақты деректерді келтірейік. Жуырда Түркістан қаласында «Қазақ Анестезиологтар мен Реаниматологтар» қоғамының VII конгресі өтті. Жиын — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Конгресске медицина саласындағы соңғы жетістіктер мен инновацияларды талқылау үшін Қазақстаннан және бүкіл әлемнен анестезиология мен реаниматология саласындағы жетекші мамандарды жиналған. Жиында сөз алған «Қазақ анестезиологтар және реаниматологтар қоғамы» ҚБ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ағзам Жұмаділов конгресстің тек анестезиологтар мен реаниматологтар үшін ғана емес, жалпы медицина саласы үшін маңызды екендігін тілге тиек етті. Өз сөзінде «Қазақстан Республикасының анестезиологтар мен реаниматологтар конгресі осы жылдар ішінде аталған саланы дамыту бойынша тәжірибе алмасу және сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін заманауи кәсіби алаңға айналды. Бұл диалог алаңы өмірді құтқару саласындағы өзекті трендтер мен үрдістерді талқылауға, практикалық жұмыстың егжей-тегжейін терең түсінуге мүмкіндік бермек» деді Ағзам Шаймарданұлы.

Бұл — дәстүрлі түрде білімді кеңейту, инновациялық әдістерге шолу жасау, халықаралық ұсыныстарды, науқастарға медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздік стандарттарын зерделеуге мүмкіндік беретін ауқымды форум. Сондай-ақ жиында Қазақстан нарығындағы фармацевтикалық өнімдер мен медициналық техниканың заманауи үлгілері таныстырылды. Мұның өзі медициналық қызметтің сапасын арттырып, адам саулығына жауапты мамандардың тәжірибесін толықтыра түсуіне ықпал ететін игі бастама екені айқын.


ПІКІР ЖАЗУ