ЖАҢА БӨЛІМШЕ САЛАДАҒЫ ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ
Демографияның ел дамуындағы маңызы айрықша. Бүгінде әлем елдері аталған салаға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол қатарда еліміз де бар. Оның ішінде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталуға болады. Өйткені бұл еліміздегі демографиялық жағдайы жақсы өңірлердің қатарына жатады. Сәйкесінше, халықтың өсімі жоғары болса, медицина саласына түсер салмақтың да артары белгілі. Яғни ана мен баланың саулығын сақтау үшін медициналық нысандардың жұмысы жақсаруы, материалдық-техникалық база заман талабына сай жаңғыруы, ал денсаулық сақтау мекемелеріне түсер жүктеме азая түсуі қажет.
Осы орайда, биыл Түркістан қаласындағы №3 перинаталдық орталығының ғимаратында медициналық-генетикалық саламен айналысатын арнайы бөлімше ашылды. Енді біз сөз етіп отырған молекулярлы медицина орталығының филиалында жүкті әйелдер мен жаңа туға сәбилерді диагностика мен генетикалық зерттеулерден өткізуге мүмкіндік пайда болды. Бұдан былай Түркістан қаласы және оған іргелес орналасқан Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау қаласының тұрғындары кәсіби дәрігерлерден кеңес алу үшін өзге аймақтарға сабылмайды. Ең бастысы қызмет көрсету – тегін. Қазіргі таңда перинаталдық орталықта 4213 әйел жүктілікпен кезекте тұр. Мұнда жылына 15 мыңға жуық сәби туылады. Сәйкесінше, медициналық нысандарға түсер жүктемені азайту мақсатында жүзеге асатын жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өйткені заман талабына сәйкес жұмыс атқару мен ана-бала денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауды мемлекет басшысының өзі тапсырып отыр. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Дені сау ұлт» атты ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету.
Осы тұста айта кету керек, елімізде жылына 400 мыңнан астам сәби дүние есігін ашса, әрбір жетінші бала Түркістан өңірінде туылады. Облыста өткен жылы 54 498 нәресте өмірге келді. Жалпы динамикада туу деңгейінің төмендеуі байқалады. 2022 жылмен салыстырғанда 2931-ге азайған, ол кезде 57 429 сәби туылыпты. Дәрігерлер тарапынан әйелдердің тым ерте не кеш босану, жүктілік пен туу мезгілін жоспарлау, асқыну қаупі жоғары жүктілікпен босанудың санын азайту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіп келеді. Өйткені ана мен бала денсаулығын қорғау медициналық тұрғыда ғана емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейінде де аса маңызды.