ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАНДА ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

0

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, ғимараты ескірген медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды бастамалар сәтті жүзеге асып келеді. Осы орайда, жуырда Түркістан облысына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келген болатын.

Әуелі Денсаулық сақтау министрі халықпен кездесіп, өңірдегі медициналық нысандарды аралады, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдап, брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ министр Түркістан қалалық емханасының жұмысымен танысты. Қалалық емханада 94 432 азамат тіркеліп, медициналық көмек көрсетіледі. Мекемеде 70 аймақ дәрігері жұмыс атқарып жатыр. Қалалық емхананың жұмысы жүйелі екенін атап өткен министр, қызмет көрсету сапасын оң бағалады. Түркістандағы сапар барысында Ақмарал Шәріпбайқызы өңірдегі медицина ұйым басшыларымен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Министр жергілікті атқарушы орган өкілдеріне аталған проблемаларды дереу шешуді тапсырды. Халық сапалы медициналық көмекпен қамтылуы тиіс екенін ескертті.

Одан кейін еліміздің бас дәрігері өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Түркістандықтар министрге шет елге берілетін квота, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауру диагноздарын нақтылау бойынша ұсыныстары мен шағымдарын айтты. Жеке қабылдауда тұрғындардан түскен барлық өтініштер бақылауға алынып, шешу жолдары бойынша салаға жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.


ПІКІР ЖАЗУ