КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ
Медицина саласының әлеуеті дәрігерлердің біліктілігіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келген, Түркістан облысында, оның ішінде облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Соңғы бірнеше жыл ішінде түркістандық ақ халаттылар әлемдегі медицинасы айрықша қарқынмен дамып келе жатқан елдердің базасында тәжрибеден өтіп, біліктілігін арттырды. Осының арқасында облыстың түкпір-түкпірінен дертіне шиза іздеп келген тұрғындар Түркістандағы ауруханаларда ауруынан құлан таза айығуда.
Бұл бағыттағы, яғни, дәрігерлердің біліктілігін арттыруды көздейтін шаралар әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда шетелдік білікті дәрігерлер өңірге шақырылып, шеберлік сағаттары өткізілуде. Бұл өз кезегінде дәрігерлер үшін де, науқастар үшін де өте тиімді болып отыр. Науқастар теңіз кешіп, тау асып, шетелге сабылмай өз елімізде де емделіп жатыр. Күні кеше Түркістан қалалық ауруханада күрделі ота жасалды. Аталған денсаулық сақтау мекемесіне 64 жастағы науқас жедел ишемиялық инсульт белгілерімен түсті. Облыстық аурухана нейрохирургтарымен консультациядан кейін отаға алу керектігі шешілді. Науқасты отаға алу барысында ортаңғы ми артериясының тромбозы анықталды. Нәтижесінде суперселективті церебральды ангиография, механикалық тромбоэкстракция ортаңғы ми артериясының М1 сегментінен ота жасалды. Артерия толық ашылды. Қан айналымы қалпына келтірілді. Ота алғаш рет Түркістан қалалық ауруханасында Облыстық клиникалық аурухананың нейрохирургы С.Сапаковпен жасалды. Жедел ишемиялық инсультке сәтті хирургиялық араласу медициналық топ үшін маңызды жетістік және пациенттерге күтім жасаудағы маңызды қадам болып табылады. Ортаңғы церебральды артерия тромбозы ишемиялық инсульттің негізгі себептерінің бірі саналады және оны уақтылы жою ауыр зардаптардың алдын алады.
Суперселективті церебральды ангиография және ортаңғы церебральды артерияның M1 сегментінен механикалық тромбоэкстракция — жоғары шеберлік пен дәлдікті талап ететін күрделі процедуралар. Операциядан кейін қан айналымын толық қалпына келтіру тромбтың сәтті жойылуын көрсетеді және пациенттің одан әрі сауығуы үшін жақсы болжам болып табылады. Нейрохирург С.Сапақовтың жетекшілігімен Түркістан қалалық ауруханасында алғаш рет жасалған операция осылайша сәтті өтті. Бұл шара нейрохирургия саласындағы ілгерілеушілікті көрсетіп, өңірдегі медициналық қызметтің дамуына септігін тигізеді. Науқастың отадан кейінгі ахуалы жақсарды. Өз сөзінде «Ахуалым нашарлап, ақ халаттыларға жүгінуіме тура келді. Бұрындары мұндай ауыр оталарды шетелде жасайтынын жиі еститінмін. Сондықтан бастапқыда мұндағы дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарағаным рас. Бірақ отадан кейін өзімді жақсы сезіндім. Аурудан құлан таза айығарыма сенімдімін. Дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Біздің өңірімізде осындай білікті дәрігерлер мен заманауи талаптарға жауап беретін материалдық-техникалық базаның барына қуаныштымын. Біздегі денсаулық сақтау ісі жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына көзім жетті. Осындағы отаға қатысқан, маған қарап жатқан барша мамандарға алғысымды білдіремін» деп атап өтті науқас.