САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРЬЛЕРІНДЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛЫП ЖАТЫР

0

Салауатты өмір салтын сақтау көптеген кеселдерден қорғайды. Сондықтан елімізде бұл бағытта ауқымды шаралар атқарылып жатыр. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында да салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Сәйкесінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алмақ. Бүгінгі таңда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, оқушыларға жазғы демалыстың басталғанына біршама уақыт болды.

Бұл – қоғам мен өскелең ұрпақ үшін жауапты сәт. Өйткені жазғы демалыста бос уақыт тиімді ұйымдастырылмаса, өскелең ұрпақ түрлі кеселді дүниелер мен жат қылықтарға әуес болуы мүмкін. Сондықтан да жыл сайын елімізде оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында лагерлер ұйымдастырылып келе жатыр. Биыл да Түркістан облысының мыңдаған оқушысы жазғы лагерьлерде демалу мүмкіндігін алды. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта мектеп жанынан жазғы лагерьлер ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, Түркістан қаласындағы Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектеп жанындағы «Достық» жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын жалғастыруда. «Достық» лагерінде түрлі спорттық ойындар өткізіліп жатыр. Тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда қандай шара болсын шәкірттің ішкі жан дүниесін жаңартып, рухани азық болып, соңында жарқын құбылыстарға жетекші бола бермек. Бұл жазғы лагердің мақсаты – оқушыларды жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету. Балалардың жаз мезгіліндегі демалысын, сауықтырылуы мен тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, Отансүйгіштік – патриоттық сезімін арттыру. Бүгінде жазғы лагерде салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі ойындар мен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жалпы биыл облыс бойынша 30 балалар лагері жұмыс істеп жатыр. Күнгейдегі 998 мектеп жанындағы лагерлермен 320 мыңнан астам бала қамтылған. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 35 мыңнан астам бала бюджет есебінен демалып жатыр. Бұл ғана емес, биыл 20 мыңнан астам бала ата-анасының есебінен лагерлерге бару мүмкіндігіне ие болды. Мұндай лагерлер 20 тамырға дейін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта демалысты ұйымдастыру бойынша облыстық штаб құрылған. Штаб өкілдері мен білім басқармасының, білім бөлімдерінің қызметкерлерімен жазғы сауықтыру қызметін ұсынған лагерлердегі балалардың жай-күйі, қауіпсіздігі мен жазғы демалыстың ұйымдастырылуы назарға алынған. Сауықтыру лагерлеріндегі оқушылар қазіргі уақытта танымдық, мәдени, спорттық һәм шығармашылық шараларға қатысып, танымын кеңейтіп, саулығын нығайтып жатыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы әр ауданның белсенді 10 оқушысынан жасақталған топ Бәйдібек, Отырар, Төлеби, Түлкібас, аудандары мен Түркістан қаласындағы туристік нысандарға саяхаттады. Мұның өзі балаларға қайталанбас әсер сыйлады деуге болады.

Айта кету керек, елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында ауқымды істер атқарылып жатыр. Тың бастамада бірқатар нақты міндеттер жүктелген. Атап айтқанда, оның қатарында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылға қарай 75 жасқа ұлғайту, әлеуметтің денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 80 пайызға арттыру сынды маңызды да ауқымды міндеттер бар. Бұдан бөлек, маңызды құжатта салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты жаппай насихаттауға бағытталған арнайы бөлім бар. Қазіргі уақытта жоғарыда аты аталған бағыттар бойынша бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Жобаның аяқталуына да аз уақыт қалды. Қазіргі көрсеткіштер де жаман емес. Алдағы уақытта нәтижелері турасында да тарқата баяндаймыз.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ