ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕНДЕР ТОП ЖАРДЫ

0

Бүгінде Түркістан қаласында бірқатар спорттық нысандар бой көтерген. Бұл ғана емес, қалада жастар мен жасөспірімдердің спортпен әрі бұқаралық спортпен айналысуына барлық жағдайлар жасалған. Білікті бапкерлер де бар. Осының арқасында спортқа бейім балаларды жаттықтыру ісі кешенді түрде дамып келеді. Мұның айқын айғағы ретінде, соңғы уақытта республикалық һәм халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген түркістандық өрендердің жетістігін атап айтуға болады. Жуырда тарихи қаланың тарландары тағы үздік екендерін дәлелдеп, жүлделі орыннан көрінді. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқатпақпыз.

Жуырда Алматы қаласында спорттың футбол түрінен ауқымды турнир өткен болатын. «Спорт күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде түркістандық команда жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен ұзын саны 16 команда қатысып, жарыстың көркін қыздырған болатын. Нәтижесінде Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының командасы» үздіктер қатарынан көрініп отыр. Турнирге дайындаған Еркебұлан Құнарбаев –  Еуропа футбол қауымдастығы одағының С категориялы жаттықтырушысы. Спорт клубының өз жұмысын бастағанына 3 жылдан асты. Содан бері облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатыр.  Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 1400-ге жуық оқушы аталған спорт үйірмелеріне қатысады.

Айта кету керек, бұл – түркістандық өрендер жеткен жалғыз жетістік емес. Бұған дейін де қаланың талантты да талапты жас спортшылары республикалық және халықаралық деңгейде өткен спорт додаларында топ жарып, жеңісті жұлып әкеткен болатын. Жалпы соңғы жылдар ішінде түркістандық спортшылардың қанжығасына ондаған медаль түсті. Мұның өзі қала аумағында бұқаралық спорт пен спорт түрлерін дамыту бойынша жасалып жатқан игі бастамалардың нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Өңірде ұлттық спортқа да айрықша мән беріліп келе жатыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар жарыстардан ұзын саны 58 алтын, 52 күміс және 65 қола медаль еншіледі. Оның ішінде 13 алтын жүлдені спортшылар қазақ күресінен еншілеген. Әрине, мұндай жетістіктің артында спорт инфрақұрылымының дамуы да жатыр. Өйткені облыс орталығында соңғы жылдар ішінде бір емес бірнеше спорт нысаны бой көтерді. Мұның өзі жағдайдың жақсы жаққа өзгеруіне мұрындық болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ