ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН БІРІНШІЛІК ӨТТІ

0

Елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының төртінші бағыты дәл осы бұқаралық спорттың танымалдығын арттырып, кеңінен насихаттауға бағытталған. Бүгінде аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың да қарасы қалың. Бір ғана Түркістан қаласында жыл басынан бері біз сөз еткен бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылып келе жатыр.

Мәселен, жаз айлары басталған уақытта тарихи қалада аула ойындары үлкен танымалдыққа ие бола бастады. Сәйкесінше, аталған жоба аясында спорттың бірқатар түрлері бойынша қала тұрғындары бақ сынап, өзара жеңімпазды анықтады. Қаланың бірнеше жерінде қатар ұйымдастырылатын спорттың сайыстар жыл сайын өтіп келе жатыр. Биыл да байрағы желбіреген бастамаға қатысушылардың саны артқан. Бұл ғана емес, қазіргі таңда облыс орталығында халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру әрі салауатты өмір салтын ұстануды насихаттайтын игі шаралар жалғасын тауып келе жатыр. Соның жалғасы іспетті, күні кеше «Отырар» тұрғын алабына қарасты Сүгір Әлиұлы көшесінде жаңа ашық алаң пайдалануға берілді. Осыған орай қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен футболдан 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында біріншілік өтті. Спорттық шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары сектор тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Футбол жарысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға тілектерін білдірді.

Ұйымдастырылған сайысқа облыс орталығының әр секторынан құралған 6 команда қатысты. Бұл жолғы сайыс үлкен бәсекемен өтті десек, артық айтқанымыз емес. Футболды жетік меңгерген шапсаң әрі тәжірибелі ойыншылар жарыстың көркін қыздырды. Нәтижесінде бағы мен бабы қатар шапқан Шауғар тұрғын алабының жас футболшылары өзгелерден оқ бойы озып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Отырар секторының тұрғындарынан жасақталған топқа бұйырса, үштікті Сауран секторының сайыпқырандары еншіледі. Жалпы Түркістан қаласында 130-дан аса ашық алаң бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» ұранымен ашық алаң ойындары ұйымдастырылып келеді. Аталған ойынның ақтық сайысы 23 тамыз күні О.Жарылқапов атындағы стадионда «Спорт күні» мерекесіне орай өткізіледі. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау ісіндегі қызмет сапасын арттыруға айрықша мән берген болатын. Осы орайда, елдегі медицина саласын дамыту бойынша ҚР Үкіметінің қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр. Бастаманың негізгі мақсаты — әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Бұл құжатта көрсетілген шаралар мен бастамалар 2025 жылға дейін жүзеге асырылады. Негізінен төрт бағыт бойынша жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн. Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. Жалпы денсаулық сақтау – кез келген елдегі маңызы мен міндеті ауыр салалардың бірі. Өйткені дәл осы сала халықтың сапалық құрамына айрықша әсер етеді. Сондықтан да Қазақстанда біз сөз еткен бағыттарды дамытуға айрықша назар аударылып келе жатыр. Жоғарыда сөз еткен спорттық шара да – дәл осы сөзіміздің айқын дәлелі.


ПІКІР ЖАЗУ