АҚ ХАЛАТТЫЛАРМЕН СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТКІЗІЛДІ

0

Елімізде медицина саласының дамуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Бірнеше жыл бұрын денсаулық сақтау ісіндегі қызмет сапалы ету һәм әлеуметтің саулығын сақтау мақсатында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Бүгінде аталған құжаттағы негізгі басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар жүргізіліп келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Күні бүгінге дейін медициналық орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді шаралар қабылданды. Маман даярлау ісіне айрықша басымдық беріле бастады. Бұл мақсатты жүзеге асыру бойынша жергілікті бюджет қаражатынан гранттар бөлу бастамасы жүзеге асып келе жатыр.

Бұл ғана емес, дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісі де жолға қойылған. Бұл бағытқа да жыл сайын қазынадан қыруар қаражат қаралады. Нәтижесінде күні бүгінге дейін бір ғана Түркістан өңірінен жүзден астам ақ халаттылар шетелге барып, тәжірибесін толықтырып қайтты. Бұқаралық спортты дамыту шаралары да назардан тыс қалған емес. Оның ішінде Түркістан қаласында ұйымдастырылып жатқан бастамалардың қатары қалың. Бұдан бөлек, медициналық қызметтің сапасы үнемі қадағаланып отыр. Осы орайда, жуырда Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті №1-медициналық-әлеуметтік сараптама бөлім басшысы Б.Искаков, бас маман К.Жаханов Түркістан қаласының барлық емханаларының дәрігерлік-консультативтік комиссия төрағаларымен бірлесіп, кеңейтілген семинар кеңес өткізді. Күн тәртібінде бірнеше маңызды бағыт бойынша қолға алынған бастамалар мен мәселелер жайы талқыланды. Сонымен қатар №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің 2024 жылғы 7 айдағы есебі бойынша сырттай куәландырудың пайыздық үлесін Республикалық көрсеткіш деңгейіне жеткізу жұмыстары қаралды. Жиында сөз алған спикерлер Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Саладағы жұмысты жандандыру һәм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша заң талаптарын тарқатты. Жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жүктеген міндеттер түсіндірілді.

Жиын барысында Түркістан қаласынан орын тепкен ауруханалардың дәрігерлік-консультативтік комиссия төрағалары тарапынан тақырып турасындағы ұсыныстар мен өзекті мәселелер айтылды. Бұл сауалдарға спикерлер толыққанды жауап беріп, ақ халаттылардың жұмысын жетілдіре түсу заман талабы екенін алға тартты.


ПІКІР ЖАЗУ