ТҮРКІСТАН: АШЫҚ АЛАҢ ОЙЫНДАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек» деп атап өткен еді. Осы орайда, елімізде бұқаралық спортты әрі салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды мақсат еткен бірқатар шаралар еліміздің басым бөлігінде жүзеге асып келеді.
Мәселен, Түркістан қаласында жаз айларында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру әрі салауатты өмір салтына бейімдеу мақсатында ашық алаң ойындары бастау алған болатын. Бүгінде аталған ашық алаң ойындары белсенді түрде жалғасын тауып келе жатыр. Тамыз айындағы кезекті жарыс қаладағы «Отырар» шағынауданында өтті. Спорттық шарада 300-ге жуық үміткер бақ сынады. Секіргішпен секіру, ләңгі тебу, белтемірге тартылу және асық ату сияқты ойындардан жарыс өтіп, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар маусымның қорытынды сайысына жолдама алып, жүлдегерлерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Осы тұста айта кетерлігі, осыншама ұзақ уақытқа созылған бастаманың сәтті жүзеге асуына Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» мұрындық болып келе жатыр. Аталған клубтың өз жұмысын бастап, облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатқанына 3 жылдан асты. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Айта кетейік, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері бұқаралық спортпен айналысуға қажет инфрақұрылымды жетілдіру мен дамыту бағытында қыруар іс атқарылды. Нәтижесінде көптеген балалар және спорт алаңшалары бой көтерді. Қала әкімдігі таратқан дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта тарихи шаһардағы 6 секторда 130-дан астам ашық алаңша бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында секторда орналасқан ашық алаңдарда әр аптаның бейсенбі және жұма күндері «Жазғы демалыс – спортпен» атты ұранмен Түркістан қаласының ашық алаң ойындары өткізіледі.