ТҮРКІСТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ САЛТЫН ҰСТАНАДЫ

0

Елімізде халықтың денсаулығын сақтау бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға басымдық беріліп келе жатқанын бұған дейін де тарқата баяндағанбыз. Тіпті, ел көлемінде мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған. Бұл құжаттағы басты индикаторларды жүзеге асыруға жарты жылдан аз уақыт қалды. Күні бүгінге дейін қол жеткен жетістіктер аз емес.

Мәселен, күнгейде дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісіне айрықша мән беріліп келе жатыр. Мәселен, Түркістан облысы бойынша өткен жылы неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы секілді 43 дәрігер шетелдерде білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайтты. Олар негізінен Мәскеу, Санкт-Петербург пен Стамбул сынды медицинасы қарыштап дамыған қалалардағы іргелі орталықтарда болып, сондағы білікті ақ халаттылармен пікір алмасып, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар 2023 жылы 34 медициналық мекеме аккредитациядан өтті. Мұның өзі саладағы серпілісті аңғартады. Биыл да бұл бағыттағы шаралар жалғасын тапты. Ашығырақ баяндасақ, түркістандық 34 маман Швейцария, Германия, Франция, Түркия, Ресей сынды елдерді тәжірибесін толықтыруға мүмкіндік алып отыр. Оған қазынадан 200 млн теңге көлемінде қаржы да қаралған. Жоғарыда біз сөз еткен ұлттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі – халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру. Сондықтан Түркістан қаласында зейнет жасындағы азаматтарға қолдау көрсететін орталықтар жұмысын жетілдіріп келе жатыр. Мәселен, жуырда қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Тең қоғам орталығының» қызмет алушылары Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, тарихи тұлғалардың рухына құран бағыштады.

Бұл ғана емес, «Керуен-Сарай» туристік кешенін қайықпен аралап, «Ұлы дала елі» орталығындағы мұражаймен, ондағы фольклорлық-этнографиялық эскпозициялармен танысты. Белсенді өмір салтын насихаттайтын орталықтың бұл бастамасына зейнеткерлер дән риза. Айта кеткеніміз жөн, Түркістан қаласынан орын тепкен «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» – 2022 жылдан бастап зейнеткерлерге қызмет көрсетеді. Жылына 3 мыңға жуық азаматты қабылдап, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді. Егде жастағы ата-әжелер мұнда қолөнер және спортпен шұғылданады. Ал «Тең қоғам» орталығы өз жұмысын 2021 жылы бастаған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға қызметтер көрсетіледі. Жылына 700-ден аса азаматқа құқықтық және психологиялық кеңес беріп, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру сияқты мәселерін шешуге атсалысады. Біз сөзбен айтқанда, ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мұның өзі өңірдегі медицина саласының дамуына тың серпін беріп келе жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ