ДАУЫСТЫҚ РОБОТТАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

0

Жасанды интеллект – ғылыми-техникалық прогрестің жемісі. Бүгінде бұл жүйе қоғамның сан түрлі саласына енгізіліп жатыр. Оның қатарында медицина да бар. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әлемде, сонымен қатар елімізде жоғары дәлдікке ие роботтардың көмегімен күрделі оталар жасалып жатыр. Бұл ғана емес, диагностикалау да жасанды интеллектінің арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Енді адамзат өркениетінің жемісі саналған жасанды зият дәрігерлердің уақытын үнемдеуге де үлес қосып келе жатыр. Бұған дейін мұндай жүйенің Түркістан қалалық емханасында жұмыс істеп жатқанын жазған едік. Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз.

Түркістан қаласына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев табан тіреп, саладағы жұмыс қарқынын өз көзімен бақылап жатыр. Әуелі облыстың үздік мамандарымен, қала берді тиісті сала басқармасының өкілдерімен кездесіп, түйткілді түйіндерді талқылады. Онда өңірдегі һәм елдегі маңызды мәселелер тыңдалды. Тыңдалып қана қойған жоқ, шешу жолдары тарқатылды. Медицина мамандарының ұсыныстары ескерілді. Одан кейін вице-министр Түркістан қалалық емханасына бас сұқты. Онда медициналық орталықтың жұмысымен жақыннан танысты. Бұдан бөлек, Түркістан қалалық емханасындағы жаңа жоба «Жасанды интелект» (Дауыстық роботтар) қызметін іс жүзінде бағалады. Мекеме мамандарының сөзінше, бұл дауысты роботтарды іске қосудағы мақсат — емхананың аймақтық мейірбикелерінің негізгі медициналық қызметке деген уақытын үнемдеу арқылы аурулардың алдын алу бағытында емханаға тіркелген азаматтарды жасына, жынысына, тексеру түрлеріне қарай сұрыптап, қоңырау соғу арқылы профилактикалық тексерулерге шақыртулар жасап, медициналық қызмет сапасын күшейту. Жүйенің қызметін жіті тексеріп, іс жүзінде жұмысын бақылаған вице-министр бастаманың сәтті екенін алға тартты. Сонымен қатар орталықтың жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта жасанды интеллекті мен заманауи құрал-жабдықтармен қамту ісінің қарқын алуы тиіс екенін атап өтті. Айта кетейік, алдағы уақытта, балалардың жоспарлы егулерін тәртіпке қою мақсатында ата аналарына екпе күнтізбесіне қарай шақырту және туберкулез және онкологияның алдын алу мақсатында нысаналы топтарды шақырту жоспарланып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ