ТҰРҒЫНДАРҒА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

0

Заман бір орында тұрмайды. Қоғам күн сайын түрленеді. Салалардағы жұмыс сапасын жақсарту мақсатында жаңа жүйелер іске асады. Ол қатарда денсаулық сақтау саласы да бар. Осы орайда, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ауқымды істер атқарылып келеді. Бұл жаңа бастама алғаш рет мемлекетімізде 2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Аталған жүйе саладағы жұмыс сапасының артуына септігін тигізді десек, артық айтқанымыз емес.

Атап айтар болсақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін салаға енгізу нәтижесінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру екі есеге өсті. Мәселен, медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 2019 жылы 1 трлн теңге қаралса, 2023 жылы халыққа көрсетілер медициналық көмекті қаржыландыру бойынша шамамен 2,5 трлн теңге қаралды. Десе де бүгінде ел азаматтарының арасында жарна төлемейтіндер баршылық. Оған қоғам арасында түрлі тақырыпта тараған алып-қашпа әңгіме себеп болып отыр. Осы орайда, еліміздің барлық аумағында түсіндірме жұмыстары қарқын алып отыр. Мәселен, жуырда Түркістан қаласында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы Түркістан қалалық емханасымен бірлесіп, «Ханшайым плаза» сауда орталығында 100-ге жуық адамға МӘМС жүйесі бойынша кеңес берді. Қалалық емхананың хирург, офтальмолог, уролог, жалпы тәжірибелік дәрігер, оториноларинголог тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерді ақысыз көрсетті. Ал, Қор филиалының мамандары МӘМС жүйесінің маңыздылығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.

Айта кету керек, алдағы уақытта жалақысы жоғары азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны өзгелермен салыстырғанда көбірек төлеуі мүмкін. Бұл жөнінде жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов айтты. Қазіргі талап бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарна 2 пайыз шамасында. Алайда бұл талап пен ереже 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтарға жүрмеуі мүмкін. Өйткені соңғы ереже бойынша олар 850 мың теңгенің үстіндегі қаражатқа байланысты жарна төлемей келген. Сондықтан бұл мәселені шешу министрлік деңгейінде қарастырылып жатыр. Бұл ғана емес, қазіргі таңда жарна төлемейтіндердің барын да жасыра алмаймыз. Сол себепті аталған бағыттағы шаралар белсенді түрде жалғасады. Өйткені қор мен жауапты министрлік желкесінде МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,4 млн қазақстандықтың мәртебесін жаңартып, сақтандырылған ел тұрғындарының үлесін 97 пайызға дейін көтеру сынды жауапты міндет тұр. Жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде арнайы брифинг өткізген болатын. Міне, сонда жауапты қордың басшысы «Қор биыл жарты жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерге 113,9 млрд теңге төледі. Оның ішінде, стационарлық көмекке — 32,5 млрд теңге, консультациялық-диагностикалық көмекке — 17,4 млрд теңге, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге — 15 млрд теңге, жоғары технологиялық медициналық көмекке — 1 млрд теңге және медициналық оңалтуға — 7,6 млрд теңге бөлді. Ал, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге — 113,1 млрд теңге қаралды. Оның ішінде, жедел медициналық көмекке — 10,2 млрд теңге төленсе, медициналық-санитариялық алғашқы көмекке — 56,1 млрд теңге төленді. Сондай-ақ, ауыл халқына тәуліктік және күндізгі стационарлық мамандандырылған медициналық көмекке — 12,7 млрд теңге, инфекциялық ауруларға — 1,2 млрд теңге және онкологиялық науқастарға — 5,4 млрд теңге қаралды» деп атап өтті. Соңғы деректерге сүйенсек, күллі күнгейде қор филиалы көмек көрсетуге 225,1 млрд теңгеден астам сомаға 183 денсаулық сақтау саласының мекемелерімен келісімшартқа қол қойған. Ол қатарда Түркістан қаласында орналасқан медициналық мекемелер де бар.


ПІКІР ЖАЗУ