ҚАЛА ӘКІМІ МЕКТЕПТЕРДЕГІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫН БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ

0

Түркістан қаласында білім беру саласының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – тек ғимараттарды жөндеуден өткізу емес, білім беру сапасын арттыру, оқушыларға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі. Осы мақсатта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар мектеп нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қала басшысы №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясы мен №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатына арнайы барып, жұмыс сапасы, құрылыс қарқыны және оқу процесіне тигізетін ықпалы сынды маңызды мәселелерге назар аударды. Бұл нысандарда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мердігер мекемелер мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған. Құрылыс жұмыстары биылғы мамыр айының соңында басталып, бүгінде жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Әзімбек Пазылбекұлы алдымен 1989 жылы пайдалануға берілген №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында болды. Мектеп 1266 оқушыға арналған болса, қазіргі уақытта 2737 оқушы білім алуда. Бұл – жүктеменің екі еседен астам артық екенін көрсетеді. Мектеп ғимараты кеңейтіліп, оқу кабинеттері мен қосымша нысандар жаңғыртылуда. Бұл бастама – артық жүктемені азайтып, оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Келесі нысан – С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты. Бұл мектепте де ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Әкімдік бұл интернаттың оқушылардың күнделікті өмір сүруіне қажетті барлық жағдайды қамтамасыз ететінін ескере отырып, жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударып отыр. Әкім аралау барысында құрылыс сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы сынды мәселелерді басты назарда ұстады. Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, жаңа оқу жылына дейін білім беру мекемелерінің толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл – оқушылардың оқу процесіне зиян келтірмей, оқу жылының басында толыққанды білім беру мүмкіндігін жасауға бағытталған нақты шара. Қала әкімдігінің бұл бастамасы білім беру сапасына деген жаңа көзқарасты білдіреді. Жөнделген ғимараттар – тек физикалық құрылым емес, жаңа буынға сапалы білім беру мен тәрбиелеудің орталығы. Мектептердегі кеңейту, жаңғырту және жабдықтау жұмыстары – педагогтер мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам.

Түркістан қаласында білім беру нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары – қаланың келешегіне салынған инвестиция. Бұл бастама қала басшылығының білім беру сапасы мен оқушылардың әл-ауқатына басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей бақылауымен атқарылып жатқан бұл жұмыстар – жаңа оқу жылын сапалы, қауіпсіз және заманауи жағдайда қарсы алуға мүмкіндік береді.


ПІКІР ЖАЗУ