ТҮРКІСТАН МЕН ҚХР ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАЛДЫ

Түркістан қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, елдің рухани астанасына айналып келеді. Осы үдерісте қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасымен қаланың климаттық ерекшеліктеріне бейімделген, ғылыми негізделген көгалдандыру тәжірибесін енгізу үшін Қытай Халық Республикасына арнайы іссапар ұйымдастырылды.
Іссапар аясында Түркістанның көгалдандыруына жауапты мамандар Қытайдың климаттық жағдайы Түркістанға ұқсас Үрімші, Тұрпан, Қорла және Ақсу қалаларына барып, ондағы жерсіндірілген ағаш және өсімдік түрлерін жан-жақты зерттеді. Бұл өңірлердің табиғаты Түркістанмен салыстырмалы болғандықтан, мұндағы көгалдандыру тәжірибелері мен пайдаланылатын өсімдіктер түрі қазақстандық мамандар үшін зор қызығушылық тудырды. Сапар нәтижесінде климатқа бейімделген ағаш көшеттерін Түркістанға жеткізу жөнінде алдын ала келісімдер жасалып, тиісті шарттар пысықталды. Бұл келісімдер алдағы уақытта Түркістанда өсімдіктердің өміршеңдігін арттырып, қаланың жасыл желекке орануына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Сонымен қатар, шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген тыңайтқыштарды өндіретін қытайлық зауыт басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіліп, Түркістанды агрохимиялық өнімдермен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі келісілді. Бұл тыңайтқыштар өсімдіктердің бейімделуіне және сапалы өсіп-жетілуіне оң әсер ететін болады.
Іссапар барысында қазақстандық делегация Қытайдағы алдыңғы қатарлы тұқымбақтардың жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, ағаш және гүл тұқымдарын арнайы әдістермен өсіру мен сұрыптау технологиялары зерделеніп, нәтижесінде қытайлық кәсіпкерлер Түркістан қаласы аумағында осындай заманауи тұқымбақтар ашуға қызығушылық білдірді. Бұл бастама алдағы уақытта Түркістанда көгалдандыру жұмыстарының сапасын жаңа деңгейге көтеріп, қалада гүлзарлар мен саябақтардың көбейуіне жол ашады. Жалпы, Қытайға ұйымдастырылған бұл іссапар Түркістанның көгалдандыру ісіне тың серпін беріп, халықаралық тәжірибелерді тиімді пайдалану арқылы қаланың экологиялық бейнесін жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта бұл бастамалар нақты жобаларға айналып, Түркістан тұрғындарына жайлы және жасыл орта қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынына сенім мол.









