Қазақстандағы жалғыз сертификаттау орталығының басшылығында шенділердің туыстары мен жақындары тұр – БАҚ
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығына» қатысты монополиялық тергеу басталғанын мәлімдеді. Нарықта басымдыққа ие компания кей қызметтер үшін бағаны негізсіз көтерді деген күдікке ілінген. Shishkin_like Telegram-арнасының мәліметінше, компания басшылығында шенеуніктердің туыстары мен жақындары тұр, деп хабарлайды Alashinfo.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ стандарттау, метрология, өнімді сертификаттау, менеджмет жүйесі, автокөлікті техникалық бақылау, тауарды сараптамадан өткізу, зергерлік өнімдерді таңбалау бойынша Қазақстан нарығындағы жалғыз кәсіпорын болып отыр.
Компанияның 100% акциясына «Қазақ сертификаттау және метрология» ЖШС иелік етеді. 2020 жылы компания инвестициялық тендер нәтижесі бойынша жекенің қолына өтіп кеткен.
Аталмыш серіктестіктің 6 құрылтайшысы бар:
- Ахметова Аделия Даниалқызы – ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қызы;
- Баймұхамбетов Санат Мұратұлы – «Шебер» сауда орталығы» ЖШС сынды компаниялардың басшысы және құрылтайшысы;
- Башев Дамир Усянұлы – Алматы облысы экономикалық және жемқорлық қызметінің бұрынғы басшысы Усян Башевтің ұлы;
- Саудабаев Күлімхан Бекібайқызы – белгілі мемлекет қайраткері Қанат Саудабаевтың жұбайы;
- «Столичный торговый аутсорсинг» ЖШС: құрылтайшылары Дүйсенов Бауыржан Ермекұлы («Цесна» Қаржы холдингі» АҚ бұрынғы басшысы) және Мусин Әділбек Асланұлы (әкесі белгілі мемлекет қайраткері Мусин Аслан Есболайұлы).»Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ ортақ құрылтайшыларының қатарында Дүйсембаев Еркін Сейдеғалиұлы да бар. Ол компанияның бұрынғы президенті, түрлі мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарған және 2021 жылдың 24 тамызында қайтыс болған.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының» ел аумағында 19 филиалы мен 1 еншілес компаниясы бар. Негізгі ұйым мен филиалдар мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысады. Ал 2016 жылдан бастап жасалған келісімшарттар құны 5,8 миллиард теңге. Тек соңғы жылдың өзінде филиалдары төлеген салық сомасы 1 125 727 826 теңгеге жетеді.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ 2010 жылдан бастап мемлекетке 8 897 095 288 теңге көлемінде салық төлеген. Басты компания 2016-2022 жылдары 1 611 650 836 теңгеге 1 176 мемлекеттік сатып алудың келісімшартын жасасқан
Ал «Қазақ сертификаттау және метрология» ЖШС 2014 жылдан бастап мемлекетке 29 766 303 теңге салық төлеген.Сертификаттау нарыққа сапасыз тауар түспеуі үшін керек. Ал сертификаттауға жататын тауарлардың саны өте көп және жыл сайын реттеліп отырады.