ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ 5 000 БАЛАНЫ 65 ТҮРЛІ ҮЙІРМЕМЕН ҚАМТЫП ОТЫР
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков № 2 Оқушылар сарайына барып, аралап көрді. Қосымша білім беруді дамытуға арналған Оқушылар сарайы биыл шілде айында пайдалануға берілді. Балаларды қабылдау «Mindal24.kz» электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда.
Қазір мұнда 5 000-ға жуық бала тәлім алады. Олар 6 бағыт бойынша 65 үйірмемен қамтылған. 232 оқу кабинеті қарастырылған. Атап айтқанда: биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, химия мен робототехника, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, фото-видео монтаждау, драма, сенсорлық, лингвистика кабинеттері мен медиа-зал жұмыс істеп тұр. Барлық үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қосымша футбол, баскетбол, волейбол алаңдары да бар. Негізгі басымдық ғылыми технологияны дамытуға беріліп отыр. Қала әкімі үйірмелерді аралау барысында Оқушылар сарайының жауапты басшылық құрамына мемлекет берген мүлік пен ішіндегі құрал-жабдықтарды тоздырмай, күтіп ұстау қажеттігін баса айтты. Айта кету керек, үшінші мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Биыл 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда. Қазір қала аумағында 18 білім нысанының орны анықталған. Абай ауданында — 7, Әл-Фараби ауданында -1, Еңбекші ауданында — 2, Қаратау ауданында — 6, Тұран ауданында — 2 мектептің құрылысы бекітілді. Бүгінгі таңда 13-нің жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. Ал, қалған 5 нысанның жер учаскесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 4 ғимараттың құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтажына алуда тиісті шараларды атқаруда. Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Сонымен қатар қосымша 2 579 педагог жұмыспен қамтылады. Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған.