ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 200 МЫҢНАН АСТАМ ОЙЫНШЫҚ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Балаға ойыншықтан келетін қауіп орасан. Өйткені шекара асып, шеттен келетін тауарлардың сапасына күмән көп. Десе де заңсыз жолмен ішкі нарыққа еніп жатқан өнімдердің саудасы қызып-ақ тұр. Осындайда сапасы мен құрамы қадағаланатын отандық өнімдерді іздейтініміз жасырын емес. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкерлер ойыншық шығару ісіне көңіл бөле бастаған. Бүгінгі материалымызда осы турасында тарқата баяндамақпыз…
Шымкент қаласында жылына 200 мыңнан астам ойыншық өнімдері өндіріледі. Аталған бағытты кәсіпке айналдырған үш мекеме жемісті жұмыс істеп келе жатыр. Өндіретін өнім көлемі бойынша ауқымдысы – «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан пластикалық ойыншықтар шығаратын кәсіпорын. 2016 жылы қолға алынған 33,5 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба әртүрлі типтегі ойыншықтар шығаруға маманданған. Қазір мұнда 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыттың жылына 150 мыңнан астам пластикалық ойыншықтар шығаруға қауқары жетеді. Бүгінде аталған мекемеге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Тарқата баяндасақ, зауыт иелеріне инфрақұрылыммен қамтылған жер телімі берілді. Жергілікті өндіріс орны былтыр «Халыққа арналған ең жақсы тауар» номинациясын иеленген болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын иелері жақын болашақта қытайлық әріптестерімен бірлесіп, жаңа бағыттарды іске қосуды жоспарлауда. Жоспар жүзеге асса, зауытта автоматтандырылған құрылғылардың көмегімен жұмсақ ойыншықтар шығарыла бастайды. Айта кету керек, Шымкент қаласында кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары өткен жылғымен салыстырғанда 42,4 пайызға артып, 129,6 мыңға жетіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан хабарлады. Биылғы Шымкент қаласында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 129 600-ге жеткен. Оның ішінде 20 800-і заңды тұлғалар болса, 102 900-і жеке тұлғалар екен. Ал, қалған 5 800-і – шаруа қожалықтары. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,4 пайызға артқан.