ШЫМКЕНТ: ХАЛЫҚ ҚАЛАУЫМЕН ЖАҢАРҒАН «СПУТНИК»

0
Жыл соңында жағымды жаңалықтар легі артып отыр. Бүгін қала орталығындағы «Спутник» гүлзары қайта ашылып, шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды.
А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан гүлзар ертеректе қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнының бірі болған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары гүлзардың орны кәсіпкерлерге беріліп, гүлзардың орнына сауда нысандары салынған болатын. Алайда, кәсіпкерлік нысандарға тұрғындар тарапынынан наразылық тудырып келген еді. Кәсіпкерлер бизнеске қолайлы екенін алға тартып, сауда орталығын салуды көздесе, халық тұрғындар үшін жайлы орта, таза ауа, демалыс аймағы болғанын қалады. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерін дер кезінде орындау – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы Тұжырымдама негізінде тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, гүлзарды қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданған болатын.
Гүлзар қаланың келбетіне шырай беріп тұр. Жалпы аумағы 50 соттықты құрайтын гүлзарда 100-ге жуық тал көшеті отырғызылған. Оның ішінде қайың, акация, шынар, емен, талшын көшеттері бар. Ондағы хай-тек стиліндегі шамдар, көпшілікке жайлы бастырмалар мен әткеншектер ерекше үйлесім тапқан. Қысы-жазы гүлзарды көкке орап, аптап ыстықта сая болар қылқан жапырақты көшеттер отырғызылған. Ал, сол маңдағы көп қабатты тұрғын үйдің жапсарлас қақпасы петроглифтермен әрленсе, 2000 шаршы метрді құрайтын аяқжолға мәрмәр тас, 2200 шаршы метр аумаққа шым төселген.
Гүлзарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары қаланың дамуына бей-жай қарамайтын жанашыр азаматтардың демеушілігімен 1 ай ішінде жүзеге асырылды.

ПІКІР ЖАЗУ