ҮЗДІК ФЕЛЬДШЕР
Медицина қызметкерлерінің арасында 2023 жылғы республикалық конкурс нәтижелері бойынша жедел медициналық көмектің үздік фельдшері болып Қанат Маханбетқұлұлы Шәкіров танылды.
Теміртау медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Қанат Маханбетұлы еңбек жолын Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының желілік бригадасының фельдшері болып бастады.
Ол 15 жылдан бері науқастардың шақыртуларына барып, науқастың жағдайын тұрақтандыруға тырысып келеді. Өміріне араша болған науқастар да оған алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруді ұмытқан емес.
Шұғыл қызмет ісінде Қанат Маханбетқұлұлы барлық учаскелерде — фельдшерлік, желілік, педиатриялық бригадаларда және амбулаториялық фельдшер болып жұмыс атқарды. Оның жұмысының соңғы бес жылы қарқынды емдеу түрінде, яғни ауыр науқастарға медициналық алғашқы көмек көрсетумен байланысты.
Фельдшер Шәкіров өз ісін жақсы көреді. Жас кадрларға шұғыл көмек көрсету дағдыларын үйретуден жалықпайды. Жедел жәрдемнің өте қиын жұмыс күндеріне, үлкен эмоционалдық және физикалық күш-жігерге қарамастан, ол өзінің өмірін басқаша елестете алмайды.