МЕГАПОЛИС ЖАСТАРЫ ҚАЛА ӘКІМІМЕН АШЫҚ СҰХБАТ ҚҰРДЫ
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар, бүгінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Осы орайда, жастардың пікірімен, ұсыныс-тілектерімен санасып отырудың маңызы зор.
Осы орайда, күні кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жастармен жүздесті. Еркін форматта өткен жүздесуде шаһар басшысы «Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттай білсек, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналып, әділетті қоғам орнайтыны сөзсіз. Ол үшін бүгінгі жастарымыз Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Шымкент – жастардың қаласы. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін қаламызда қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс» деп атап өтті.
Ғабит Әбдімәжитұлының айтуынша, Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жастарды жұмыспен қамту шараларына субсидияланатын жұмыс орындары және жастар практикасына 3 554, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына» 1 031 және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 орын бөлінді. Бұл дегеніміз – жұмыссыз болып тіркелген 4500-ден астам жас жұмыспен қамтылады деген сөз. Бұдан бөлек, дарынды жастар мен еріктілерді қолдау, кәсіп бастауға ниетті жастарға қолдау көрсету бағытында да қыруар іс атқарылып жатыр. Жастар арасындағы ең өзекті мәселе – баспанамен қамту да назардан тыс қалмаған. Жыл аяғына дейін 900 арендалық бағыттағы пәтерді беру жоспарланып отыр.
Келелі кездесу барысында жастар өзінің ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізді. Шаһар басшысы әрбір сауалға байыппен, толыққанды ақпарат беріп, ойын ортаға салды.