2023 ЖЫЛ — ТАРИХТАҒЫ ЕҢ ЫСТЫҚ ЖЫЛ АТАНДЫ. ОНЫҢ ЖЕР БЕТІНЕ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

0

1850 жылдан бері жүргізілген зерттеулерге сәйкес 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болғаны анықталды. Орташа жылдық температура 1,5°C-қа жақындап, индустрия пайда болғанға дейінгі деңгейден асып түсіпті.

Адамзат Париж келісімінде айтылған екі климаттық шекараның біріншісіне тұрақтап отыр. Естеріңізде болса, ғалымдар климаттың өзгеруі жердегі тіршілікте катастрофалық өзгерістерге әкеп соғатынын болжаған еді.

Еуропалық Одаққа қарасты Коперник атындағы зерттеу орталығы мамандары жыл сайынғы климаттық шолуын жариялады. Онда 2023 жылдағы ауа температурасы 2016 жылғыдан асып түсіп, рекорд жаңартқаны айтылды.

«2023 жылы зерттеу тарихында алғаш рет жыл көлемінде әр күн сайынғы ауа температурасы 1850-1900 жылдардағы индустрияға дейінгі деңгейден 1°C-қа ұлғайып отырған. Яғни, 2023 жылдың әрбір екінші күні 1850-1900 жылдарға қарағанда 1,5°C-қа жылы болды деген сөз. Ал қарашадағы екі күнде тіптен алғаш рет 2°C-тық межеге жеткен», — делінген шолуда.

Айта кетейік, 2015 жылы Парижде БҰҰ климаттың өзгеру мәселелері жөнінде конференция өткізді. Шараға қатысқан әлем елдері осы ғасырда ғаламшардағы ауа температурасының көтерілуін индустрияға дейінгі деңгей, яғни 2 градус шегінен асырмауға сөз байласқан еді.


ПІКІР ЖАЗУ