ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 1 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ КӘСІПТІК ОҚУҒА ЖОЛДАНАДЫ
Отандық өндірісті дамыту мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылуда. 2023 жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 2431 азамат түрлі мамандық бойынша оқу ұйымдарына мерзімді кәсіптік оқуға жолданған. Биыл кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысы бойынша 1 110 жұмыссыз азаматқа қайта оқыту курсына жолдама беріледі.
Кәсіптік оқыту мерзімі – 3 ай. Ай сайын шәкіртақы қаралған. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде мәлімдеген жұмыс орнына кем дегенде 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті.
Қалада қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғын көп. Бес баланың анасы Қарлығаш Узенбаева да жұмыс берушілердің сұранысына сай «пішуші-тігінші» мамандығы бойынша курсты тәмамдап, бүгінде 300 адам жұмыс істейтін үлкен фабрикада пішуші болып жұмыс істейді.
– Абай ауданы мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Мамандар 3 айда жаңа кәсіп үйренуге мүмкіндік бар екенін айтып, қысқа мерзімді оқу курсында білім алуды ұсынды. Осылайша 2023 жылдың қыркүйегінде оқуды бастап, қарашаның соңында жаңа мамандық үйреніп, сертификат алдым. 2024 жылдың қаңтарынан бастап «КazPlast» тігін цехында кесуші болып жұмысқа орналастым. Жаңа кәсіп, жаңа бағыт көңілімнен шықты, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқу сәуір айына жоспарланып отыр.