ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ШАҒЫМДАРЫ БОЙЫНША ЖҰМЫС КҮШЕЙТІЛЕДІ

0
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу мекемелерінде тұрғындардың өтініштері мен арыз-шағымдарын назарға алу, орындау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Аталған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтіп, саладағы түйткілдер тарқатылды. Оған барлық аудан, қаланың бас дәрігерлері қатысты.
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 2021-2023 жылдар аралығында түскен арыз-шағымдардың орындалуы бойынша есеп тыңдалды. 2023 жылы басқармаға қарасты Call-орталықтың 1305 байланыс нөміріне 19733 қоңырау шалынды. Оның 19206-ы – алғыс айту, өтінім, ақпарат, кеңес алу. Ал тіркелген 527 арыздың бәрі шешімін тапқан. Шағымдардың басым бөлігі «Емделуге қанағаттанбау», «Үйге шақыру, аралау қызметі», «Этика және деонтология нормаларын бұзу», «Ауруханаға жатқызу «ұзақ күту, бас тарту» санаттары бойынша тіркелген.
Облыс әкімінің орынбасары әрбір шағым мен өтініштің артында адам тағдыры тұрғандықтан олар бойынша сапалы, жедел жұмыс атқару керектігін айтты.
– Байланыс орталығының жұмысын жетілдіру, өтініштер мен шағымдарды сараптауды тапсырамын. Ең көп шағым түскен аудан, қалалардағы ауруханаларда жұмыс күшейтілсін. Емделушілермен этикаға сай жылы сөйлесіп, мәселелерін мұқият тыңдау керек. Халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық көмек көрсету бойынша жұмыстарды жандандырыңыздар. Сіздерге жүктелген жүк ауыр әрі қиын екенін білеміз. Облыс әкімдігі тарапынан медицина саласына тұрақты қолдау көрсету жалғасады, – деген Бейсен Тәжібаев сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында басқарма өкілдері мен бас дәрігерлердің ұсыныстары да тыңдалды. Мәселен, облыста жедел-жәрдем көліктері мен бригадаларын көбейту, басқармаға қарасты медицина ұйымдарында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын түсіндіру бойынша семинарлар өткізу, басқармаға қарасты медицина ұйымдарындағы шешімі созылған мәселелер бойынша өтініштер мен шағымдарды уақтылы анықтау және облыс әкімі аппаратына хабардар ету, Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін түсіндіру шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар беріліп, хаттамаға енгізілді.

ПІКІР ЖАЗУ