«ЖІГІТТЕРГЕ САТАМЫЗ ДЕП ҚОРҚЫТҚАН»: ОҚИҒАҒА ҚАТЫСТЫ ТЫҢ ДЕРЕК БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау, бопсалау және пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша екі қызға сот үкімі шықты. Бұл туралы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Айта кетейік, бұл жағдай былтыр 16 мамырда Алматыда болған. НемолчиKZ қоғамдық қорының мәліметінше, 20 жастағы Ұзынағаш ауылының тумасы жеті қыз және бір жігіттен әбден қорлық көрген.
Дина Таңсәрінің желідегі парақшасында жарияланған ақпарат бойынша, жеті бойжеткен Алматыда жұмыс істейтін 20 жастағы қызды соққыға жыққан. Оны бес жігітке сатамыз деп қорқытқан. 100 мың теңге бопсалап алмақшы болған, қатты ұрған, қыздың тісі сынып, ауыр жарақат алған. Бойжеткен зорлық жасай ма деп қорқып, үшінші қабаттан терезеден секірген. Жас қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Қоғамдық қор жетекшісінің сөзінше, қыздың екі өкшесі, омыртқасы, қолы сынған, тағы басқа да ауыр жарақаттар алған. Алматы қалалық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған еді. Қалалық соттың бүгін, 15 ақпанда Facebook желісіндегі парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау, бопсалау және пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша Т. және Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Прокурор оларға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Алайда сотталушылар кінәсін мойындамаған.
«Сот үкімімен Т. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н. да тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына ортақ тәртіпте моралдық залалды өтеу есебінде 3 миллион теңге және адвокаттың қызметіне жұмсалған шығыстар үшін әрқайсысынан 600 мың теңгеден өндіріп алды. Сот сотталушылардың жас екені жазаны жеңілдететін жағдай деп таныды», — делінген сот хабарламасында. Үкім заңды күшіне енген жоқ.