ӘКІМДІККЕ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН ХАБАРЛАМАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны такси жүргізушісі болып жұмыс істей бастағанын әкімдікке хабарламаған. Сол үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Kazinform.
Аудандық соттың мәліметінше, таксиші болып табыс таба бастаған қазақстандықтар жергілікті атқарушы органға тиісті хабарлама жіберуі керек. Бұл «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 17-бабының 1 және 2-тармақтарында бекітілген. Хабарлама жібермеген азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 463-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылған. «Бұл іс бойынша М. есімді азамат ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, баптың санкциясы шегінде жаза тағайындалды», — делінген сот хабарламасында. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңының 17-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың осы заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттердітиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей іске асыруына жол берілмейді Осы заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғалар рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны жеке немесе заңды тұлға жіберуге тиіс. Ал «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңның 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасау заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – 15 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті (дивидендтердi), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғады.