ЕЛІМІЗДЕ 500 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАСТЫҢ ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕСІ БАР

0

Елімізде 500 мыңға жуық жастың тұтынушылық кредиті бар. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

«Қазіргі уақытта 18-20 жас аралығындағы 480 мың, шамамен 500 мың адамның тұтынушылық кредиті бар. Оның ішінде проблемалық кредиті бар адамдар саны — 47 мың жас», — деді агенттік төрағасы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, бүгін Мәжілісте 1-оқылымда мақұлданған «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жастарға тұтынушылық кредит беруді шектеу тетіктері қарастырылған.

«Бұрын олар ресми түрде табысы болмаса да кредит ала беретін. Енді шәкіртақысы не жалақысы, яғни ресми табысы болса ғана беріледі. Жалпы, кредит алу — адамның конституциялық құқығы. Дегенмен, оның табысына байланысты шектеу қоя аламыз», — деді Мәдина Әбілқасымова.


ПІКІР ЖАЗУ