ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН АСҚАРОВ АТЫНДАҒЫ ДЕНДРОСАЯБАҚТА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

0
19 наурыз – Жаңару күніне орай, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен А. Асқаров атындағы дендросаябақта тал егу дәстүрі ұйымдастырылды. «Наурыз – жаңару жаршысы» атты іс-шарада сәндік ағаш көшеттері отырғызылды.
Тал егу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ батасын берді.
Мерекелік игі іске Шымкент қаласының мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов және халық қалаулылары арнайы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері белсенділік танытты. Бұл ретте ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік төрағаларынан бөлек, қоғамдық құрылым мүшелері де үлес қосты.
Бұл күн ел өмірінде елеулі жаңа кезеңнің басталғанын білдіріп отыр. Сондықтан бүгін қала аумағында отырғызылған жаңа көшеттер – Мемлекет дамуындағы жаңа кезеңмен ерекшеленді. Яғни, Жаңару күні барша азаматты ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндеді.
Айта кетейік, ағаш егу шарасына этномәдени бірлестіктердің мүшелері ұлттық киімде келіп, саябақ көркіне мерекелік сипат берді.

ПІКІР ЖАЗУ