ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ

0
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Онда өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындардың ұсыныстары мен мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Қабылдауға 11 азамат келіп, тең жартысы баспана кезегінің жылжымайтынын айтып шағымданды. Тұрғын үй кезегі электронды түрде жүретіндігі және заңсыз жылжуы мүмкін еместігі түсіндірілді. Сондай-ақ, жалдамалы пәтерде тұратындарға баспананың 50 пайызын субсидиялау жайы да ұсынылды.
Түркістандық тұрғын ипотека арқылы алған үйінің қазіргі таңдағы жай-күйіне шағымданды. Осы ретте жауапты сала өкілдері тарапынан мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын бастағаны айтылды. Кезек реттілігімен тұрғындардың үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Ал Сарыағаштық тұрғын жерінің актісін 10 жылдан бері ала алмай жүргенін айтып келді. Мұндай 300-ге жуық азамат бар. Мән-жайды анықтай келе бұл жерлердің заңсыз сатылғаны белгілі болды. Жауапты сала өкілдеріне мәселені шешу тапсырылды.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларға тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын өтеп беру қарастырылған. Ол үшін «Отбасы банкіне» өтінім жолдау қажет.

ПІКІР ЖАЗУ