САПАЛЫ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ТҮРКІСТАНДА ДА ДАЯРЛАНЫП ЖАТЫР

0

Қоғам үшін медицина саласының маңызы айрықша. Мұны әсіресе әлемді жайлаған пандемиядан кейін айқын ұғып, анық түсіндік. Міне, сол уақытта ғылым мен медицинаға беймәлім болған індеттен қаншама адам өмірден өтті. Қала берді, ауруханалар толып, орын тапшылығы сезілді. Міне, осы кезеңде өз өмірін бәйгеге тігіп, өзгенің саулығы үшін отбасынан жырақта жүріп, емдеу ісіне атсалысқан дәрігерлерге айрықша алғыс айтылды. Жасыратыны жоқ, елімізде дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарына деген сұраныс жоғары. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын «Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады».

Жалпы ұлт саулығының сапалық көрсеткішке әсері жоғары. Елімізде бұл бағытта медицина мамандарын даярлау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісіне ерекше көңіл бөлініп келе жатқанынан былайғы жұрт та хабардар. Әйткенмен қоғам үшін маңызды саналатын медицина мамандарын даярлайтын мекемелер мен оқу орындары турасында ақпарат айтыла бермейді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда Түркістан қаласынан орын тепкен іргелі оқу орны турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз. Облыс орталығында орналасқан Түркістан жоғары медицина колледжі қалада ғана емес, өңір мен күллі республикада орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда көп жылдан бері бұқараға қызмет етіп келе жатқан белді де беделді оқу орындарының бірі саналады. Бүгінде білім ордасына алдына сапалы маман даярлау сынды ауқымды міндетті қойып отыр. Қазіргі таңда орта арнаулы оқу орнында денсаулық сақтау саласындағы 6 мамандықтың 8 біліктілігі бойынша 2700-ден астам студент білім алуда. Шәкірттерді ізгілікке тәрбиелеуде, олардың шеберліктерін, біліктіліктерін арттыру мақсатында колледжде 228 оқытушы қызмет етеді. Оның ішінде 3 профессор, 7 ғылым кандидаты, 20 магистр, 50 жоғарғы санатты, 38 бірінші санатты дәрігерлер мен педагогтар дәріс береді. Колледжде 4 «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 6 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді. 2023 жылы мекеме ұжымы 31 педагог-модератор, 11 педагог-сарапшы, 6 педагог-зерттеуші, 6 педагог шебер дәрежесіндегі білікті маманмен толықты. Мекеме өзінің білім беру ісіндегі іргелі оқу орны екенін дәлелдеп келеді. Бұған өткен жылы мемлекеттік аттестациялық комиссияның соңғы 3 жылда атқарылған 22 критерий бойынша жұмыстарын жоғары бағалап, аттестациялағаны дәлел.

Бұл ғана емес, колледж бітірушілерінің кәсіби құзыреттілігі Ұлттық тәуелсіз тестілеу орталығы бағалауының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Мекеме басшысы Ғалымжан Бимурзаевтың айтуынша, республикадағы 92 медициналық колледж арасында Түркістан жоғары медицина колледжі бітірушілерінің білімі мен біліктілігі бойынша ІІ орынды иеленген. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Бүгінде оқу орнының басшылығы оқытушылардың білімі мен біліктілігін арттыру ісіне айрықша көңіл бөліп отыр. Мәселен, өткен 2023 жылы мекеме әкімшілігі 62 арнайы оқытушылары мен жалпы білім беру пәндерінің 41 оқытушысын Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы педагогикалық шеберлік орталығынан және «Талап» КЕАҚ тарапынан «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткізген.

Мекеменің материалдық-техникалық базасы барша заманауи талаптарға жауап береді. Мекеме ұсынған деректерге сүйенсек, білім алушылар үшін соңғы үлгіде жабдықталған, озық технологиялармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері даярланған. Колледжде 5 қабатты оқу ғимараты, 4 қабатты жатақхана, 105 оқу лабораториясы мен пән бөлмесі, 10 дәріс залы, спорт кешені, бассейн, кітапхана, 3 оқу залы, 5 компьютер класы, 20 интерактивті тақтамен жабдықталған дәріс бөлмесі, «ЛАМАЗ» мектебі, клиникаға дейінгі бөлмелер, қалыпты және патологиялық анатомия мұражайы, фитобар, фитоогород, оқу дәріханасы, стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Колледжде дәріс барысында соңғы үлгідегі ақпараттық және инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 2009 және 2011 жылдары қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түрлі номинациялар сайысының қорытындысы бойынша Түркістан медицина колледжі «Жылдың ең үздік колледжі» номинациясына ие болған. Колледжде оқу-ақпарат орталығы нәтижелі қызмет етеді. Электронды оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталып, интернет  жүйесіне қосылған. Білім алушыларды ғылыми зерттеулерге ынталандыру, олардың кәсіптік іскерліктерін дамыту, кәсіптік білімдері мен дағдыларын тәжірибеде қолдануға жағдай жасау, дарынды білім алушыларға қолдау көрсету мақсатында 54 пән үйірмелері ашылған. Барлық үйірмелер жыл сайын бір тақырыптағы өзекті мәселе аясында зерттеулер жүргізеді. Бұл ғана емес, жыл өткен сайын оқу кабинеттері мен материалдық-техникалық базаның ескіріп кететіні белгілі. Колледж басшылығы осы ескеріп, жаңғырту жұмыстарын ұдайы жүргізіп келе жатыр. Мәселен, өткен жылы заманауи материалдық-техникалық база, цифрлық инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Жаңа дизайндағы, соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған конференц-зал, оқу-әдістемелік орталығы, кітапхана мен оқу залы пайдалануға берілді. 3Д форматтағы науқастың клиникасын анықтайтын ақпараттық-бағдарламалық кешен сатып алынып, оқу процесіне қолдануға берілді. Студенттердің білімін бағалау мақсатында клиникалық емхана орталығы жаңа бейнежазба жүйесімен, бағалаудың жаңа компьютерлік бағдарламалық жүйесімен қамтамасыз етілді. Колледж фойесі де күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа дизайнда қайта жабдықталды. Оқу орны қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойған, қойып келеді де. Мәселен, былтыр мекеме аумағындағы қауіпсіздік үшін қосымша 12 бейнекамера орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан жоғары медицина колледжінде білім алушылардың білім алу және жеке мансаптық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында барлық жағдайлар жасалып келе жатыр.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта 300 студентке арналған жатақхана қызмет етеді. Жатақханадағы демалыс бөлмесі, оқу залы теледидармен, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Автоматты кір жуу машинасы, ет тағамдарын сақтау үшін тоңазытқыштар студенттердің тұрмыстық жағдайын жеңілдетуде. Жатақханының аймағы көгалдандырылып, студенттер аллеясы студенттердің демалыс орнына айналған. Колледжде 80 орындық асхана бар. Медициналық қызмет көрсетуге арналған медпункт жұмыс істейді. Онда қабылдау бөлмесі, изолятор, процедуралық бөлме ашылған. Салтанатты іс-шаралар өткізуге 150 орындық АКТ-залы, 60 орындық конференцзал жұмыс істеп тұр. Кітапхана студент жастарға заман талабына сай білімінің, ғылыми, мәдени дамудың жетістіктерін насихаттауда өз үлесін қосуда. Кітапханада абономент, оқу залы және мерзімді басылымдар бөлімі қызмет көрсетеді. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, кітапхана қорларын қазақ тіліндегі оқулықтармен толықтыра түсуі үшін колледж әкімшілігі тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда кітапхана қорында 70 мыңнан астам кітап бар. 70 орындық оқу залында және мерзімді басылымдар бөлмесінде студенттер өздеріне қажетті ғылыми, көркем және анықтамалық әдебиеттерді кеңінен қолдана отырып реферат, конспект жасауға кеңес алады. Кітапханада кітап қорын насихаттау, тақырыптық көрмелер, конференция, диспут, кездесу, кештер өткізіліп тұрады. Конференц-зал 20 студиялық микрофон, 20 «ASUS» планшеттер, LOTOS мультимедиалық трибуна және енді экранды теледидармен жабдықталған. Көркем өнерпаз студенттердің шығармашылығын дамыту мақсатында би, драмалық, домбырашылар үйірмесі, студенттік хор, КТК, «Флористика» клубы, АРТ-терапия үйірмесі ұйымдастырылған. Колледждің өзінің Стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Орталықтың медициналық қызмет етуіне арнайы лицензия берілген. Орталықтағы 2 терапиялық, 2 хирургиялық бөлім, стерилизациялық рентген, физио бөлмелері, зертхана, тіс зертханасы, регистратура, санитарлық бөлме, гардероб соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Колледждің спорт кешені 872,8 шаршы метрді құрайды. Ол спорт залы, жазғы спорт алаңы, бассейннен тұрады. Үстел теннисіне арналған арнайы бөлме бар. 7 спорт секциясының жұмысы түрлі тренажерлар, орындықтар, доп, гантель, шашка, шахмат спорт киімінің комплекттерімен жабдықталған. Спорт кешенінде душ бөлмелері, киім ауыстыратын, оқу бөлмелері қарастырылған. Білім алушылардың кәсіподақ комитеті кәмелет жасына толмаған жартылай жетім, тұл жетімдер, мүгедектерге және балалары бар жас отбасылы білім алушыларға материалдық көмек көрсетуге, жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуға қаражат бөледі. Тұл жетім білім алушылар топ кураторы мен колледж психологының қамқорлығында. Оларға арналған жоспар бойынша психологиялық тренингтер, қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Дуалды оқытудың басты қадамы ретінде колледжде 5 симуляциялық орталық пен жекеленген стоматологиялық емхана  қызмет етеді. Колледж студенттерінің білім деңгейі мен практикалық дағдыларын бағалау симуляциялық орталықта клиницист-дәрігерлер мен аға медбикелердің қатысуымен жүргізіледі. Симуляциялық орталық заманауи соңғы үлгідегі оқу құралдарымен кең қамтылған. Атап айтқанда, клиникалық дағдылар бойынша ең қарапайым тренажердан күрделі командалық симуляциялық интерактивті бағдарламалық муляждарға дейін бар. Симуляциялық орталық колледж студенттерінің тәжірибелік дағдылар кешенді орталығының құрамына кіреді. «On line» жүйесі арқылы бір топ бір уақытта оқытылады және «On line»  емтиханы қабылданады.

Стоматология бойынша тәжірибелік дағдылар орталығы колледждің білім берудегі құзыреті бағытталған дуалды оқыту моделін жүзеге асыру үшін құрылған. Колледждің стоматологиялық клиникасында болашақ мамандар гипстен жасалған анатомиялық қалыптарды моделдеу дағдыларымен, алынатын, алынбайтын протездерді дайындау техникасымен танысады, оклюдаторға гипстеу жасайды, ортогнатикалық тістеу арқылы салыстырады. Клиника заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, құрал-саймандармен, аппараттармен жабдықталған  4 терапиялық, 2 хирургиялық және 1 ортопедиялық кабинеттерден тұрады. Клиника қызметі колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Фармацевтикалық дағдыларды қалыптастыру орталығы оқу-дәріханасы, фитобар, фитоогородтан тұрады. Олардың барлығы оқу ғимаратында орналасқан. Бұл жерде фармацевтикалық дағдылар мен манипуляциялар орындалады.

Оқу орнының техникалық базасын жаңғырту ұдайы жүргізіліп келе жатыр. ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурызындағы №249 қаулысы негізінде «ҚР орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында колледжде оқытудың мультимедиалық және интерактивті құралдары жаңартылып, оқу бағдарламасы сандық форматқа ауысқан. Бұл ретті оқу үрдісін геймификациялау, электронды оқулықтарды кеңінен қолданысқа енгізу, студенттердің білімі мен дағдысын бақылап-бағалау бойынша педагогикалық оқулар, шеберлік сағаттары өткізілуде. Аталған мақсатты жүзеге асыру бойынша арнайы пән оқытушылары ізденіп, республикадағы озық тәжірибелерді оқу процесіне енгізуге күш салып келе жатыр.

Әрбір мекеменің негізгі мақсат-міндеттері болары белгілі. Осы орайда, біз сөз етіп отырған мекеменің алға қойып отырған басты басымдықтарына тоқталайық. Олар — білім сапасын қамтамасыз ету, теория мен тәжірибені ұштастыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, функционалды сауатты, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және басқару жүйесінің құрылымын, әдістері мен бағыттарын жетілдіру. Уақыт бұл миссияның сәтті жүзеге асып келе жатқанын көрсетіп отыр. Мұны колледж оқытушылары мен студенттері жеткен жетістік айғақтайды. Тарқатар болсақ, республикалық «Ең үздік оқулық, ең үздік оқу-әдістемелік құрал» байқауында колледж оқытушылары 12 жүлделі орындарды иеленген. Арнайы пәндер бойынша колледж оқытушылары әзірлеген 25 электронды оқулық ҚР Әділет Министрлігі тарапынан патенттелген. Мекемем республикалық «Ең үздік фармацевт» байқауында — І орын, «Ең үздік фельдшер» байқауында — ІІ орын, «Ең үздік кәсіптік ағылшын тілі пән оқытушысы» байқауында — ІІ орынды иеленген.

Колледжде пәндік олимпиадалар, студенттік зерттеу жұмыстары конкурсын өткізуге, конференцияларда сөз сөйлеуге, шығармашылықты дамытуға бағытталған іс-шараларда, шығармашылық әзірлемелерін ұсынуға да зор көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, оқу орны қабырғасында 2023 жылдың 17 наурызында «Үздік фармацевт – 2023» республикалық сайысы өтті. Бұл сайысқа 22 жоғары медициналық колледж студенттері мен оқытушылары қатысты. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткізілген «World Skills Kazakhstan – 2023» республикалық чемпионатында «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша Түркістан жоғары медицина колледжі студенті Тамабай Зарина І орынға ие болды. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы денсаулық сақтау саласы «Лабораториялық диагностика» мамандығы бойынша кәсіби шеберліктің Республикалық конкурсына колледж оқытушысы С.Әбдіханова қатысып, жүлделі ІІ орын алды. Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры біліктілігімен Медициналық жоғары колледж білім алушылары арасында өткізілген республикалық «Scientific Researcher» байқауында Түркістан жоғары медици колледжі студенттері І, ІІ жүлделі орынға ие болды. Ресейдің Курган қаласында өткен «Адам анатомиясы мен физиология» пәнінен өткен студенттік Олимпиадада Түркістан жоғары медицина колледжі студенттері Аружан Сабырқызы І дәрежелі, Дилрабо Тохташева ІІ дәрежелі, Ыдырыс Сандуғаш ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Жалпы білім беру пәндері бойынша «Мақсатқа жету жолы атты» Халықаралық Олимпиадада колледж студенттері Мырзабай Жанель І орынды, Серікбай Қырмызы ІІ орынды иеленді. Акушер ісі мамандығы бойынша өткен Республикалық Олимпиадада Талшын Тұрсынбек ІІ орынды, Гулмира Аманова І орынды, Шахноза Бабаева І орынды жеңіп алды. «Педиатриядағы мейіргер ісі» пәнінен ҚР медицина колледжінің білім алушылары арасында өткізілген Олимпиадада Оразбек Арайлым, Қалман Әсемай І орынды иеленіп, олжалы оралды. Медицина колледждері арасында өткен республикалық «Анатомия және физиология үздігі — 2023» байқауына Түркістан жоғары медицина колледжінің белсенді студенттері Сұлтанұлы Нұрдаулет, Еділбай Ұлдан, Жұмаділләқызы Ақниет қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болып, оқу орнының мерейін үстем еткен. Жалпы алғанда, колледжде студентке бағытталған қөзқарас қалыптасқан. Колледждің оқытушылар құрамы және басшылығы студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларды болашақтағы дербес өмірге, кәсіби іс-әрекетке дайындайды. Колледждің ғылыми және шығармашылық  тұрғыдан әлеуетті педагогтары бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар.

Қорыта айтқанда, еліміздегі медицина саласының дамуына ықпал ететін кәсіби мамандар Түркістан қаласында да даярланып жатыр. Мекеменің материалдық-техникалық базасы мен тәжірибелі де біліктілігі жоғары оқытушылар құрамы басты мақсат – сапалы маман даярлауға жеткілікті.


ПІКІР ЖАЗУ