«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

0

Бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Алдына ауқымды міндеттерді қойып, бірнеше жылда шешуді көздейтін аталған ұлттық жобаны ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жалғасы десек те болады. Жоба 2025 жылға дейін нақты, қол жеткізуге болатын міндеттерді қамтиды. Сәйкесінше, министрлік саланың ұзақмерзімді перспективалары мен операциялық қызметін көрсететін денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын да әзірлеген. Біз сөз етіп отырған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы негізінен төрт бағытты қамтиды. Оның төртінші бағыты салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Дәл осы төртінші бағытты жүзеге асыру еліміздегі бірқатар мәселелердің оң бағытта шешілуіне ықпал етпек. Күтілетін нәтижелеріне келсек, бұл жоба халық арасында темекі шегудің таралуын 19 пайызға дейін төмендетуге, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 45 пайызға дейін ұлғайтуға, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 50 пайызға дейін арттыруға, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін 1 000 адамға 53 пайызға дейін арттыруға және дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін 14 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, ұлттық жоба жүктеген міндеттер атқару елімізде ауқымды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалауға болады. Бүгінде шаһарда жастардан бастап зейнет жасына дейінгі азаматтарды қамтыған ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Түркістан қаласында 2022 жылы зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмысын жүргізе бастаған болатын. Орталықтың қызметін ашылған жылы 774 адам қолданса, өткен 2023 жылы мекеме 2983 адамға қызмет көрсетті. Қазіргі таңда біз сөз етіп отырған орталық негізгі үш сектор бойынша әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Олардың біріншісі — Белсенді ұзақ өмір секторында қарттарға медициналық, психологиялық, құқықтық бағытта көмек көрсетіледі. Екіншісі — Тең қоғам секторында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет түрлері жасалады. Ал үшінші Қамқорлық орталығында жалғызбасты, көпбалалы аналарға, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне көмектер беріледі. Қазіргі уақытта мекеме қызметін тұтынушылардың саны айтарлықтай артқан. Сондықтан жұмыс жүктемесін азайту мақсатында орталықтың филиалдары ашылып жатыр. Соның бірі ретінде Бекзат мөлтекауданынан ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығын айтуға болады. Филиал тікелей тұрғындардың сұранысы негізінде жұмысын бастаған. Аталған ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Филиал бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Жалпы, Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 8 мыңға жуығы «Бекзат» мөлтек ауданында тұрады.

Бүгінде филиалдың қызметіне жүгінген зейнеткерлерді салауатты өмір салтын ұстану мен белсенді өмір салтына үйрету бойынша тың жұмыстар атқарылып жатыр. Орталық мамандары түрлі тың бастамаларды көтеріп, сәтті жүзеге асырып келеді. Жалпы белсенді өмір сүру салтының зейнеткерлерге тигізер пайдасы орасан. Бұл филиал дәл осы қызметті мінсіз атқарып келе жатыр. Мейірбикенің жұмысы таңда орталыққа келген қариялардың қан қысымын өлшеуден басталады. Күнде таңертең қариялардың қан қысымы өлшеніп, арнайы журналға тіркеліп отырады. Араға уақыт салып үлкен кісілердің қан қысымының реттелгені байқалады. Филиал қызметіне жүгінген жандардың айтуынша, бірқатар зейнет жасындағылардың қан қысымы алғаш келгенде 200-220 болып көтеріліп кете беретін. Тіпті, отбасы мүшелері қарт кісілерді бір жерде құлап қала ма деп көшеге жалғыз жіберуге қорқатын көрінеді. Дегенмен орталыққа келгелі қан қысымы реттелгендердің қатары қалың. Басым бөлігінің қан қысымы да 120-дан аспайды. Себебі мұнда қариялар жаттығулар жасайды, сурет салып, ән айтады. Дос тауып, сырласады. Белсенді өмір салтын ұстанады. Осының арқасында ауруын ұмытып, қалыпты өмірге қайтқандардың саны көп. Тіпті, қарт кісілер өздерін дас сезінетіндерін алға тартады. Орталықтағы психологиялық тренингте бәріне көмек беріледі. Әлі қол моторикасын дамытуға, сөйтіп есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік бар. Қарттар қызығып, үйреніп кетеді. Қолөнермен қатар арт терапия да бар. Онда үлкен кісілер сурет салады. Қолөнерде жіптен аяқ киім, моншақтан сөмке тоқиды. Қазір ыстық желімді және жылтыр ұнтақты пайдаланып, гүл де жасайды. Бір адам қанша уақыт жүргісі келсе, сонша жүреді. Шектеу, талап жоқ. Кейбірі бір-екі сабаққа қатысып, кетіп қалады. Кейбірі күнұзаққа жүреді. Әр күнге арналған кесте бар. Бұл үлкендердің үйірмесі деп те айтуға болады дейді орталық мамандары. «Алғаш зейнет жасына жеткенде маған қиын болды. Өмір бойы қимылдап, ананы бір істеп, мынамен айналысып үйреніп қалғанбыз. Сондықтан бір орында отырғаннан қимылдап жүргенді құп көремін. Шаруа шығып жатса, қазірдің өзінде өзгені жұмсамай, өзім баруға тырысамын. Жаңа айтқанымдай, алғаш зейнетке шыққанда баратын дер таппай, саябақта серуендеп, қалада қыдырып жүру әдеті пайда болды. Әйтпегенде ше, қимылсыз отырсаң, ауруға шалдығасың. Содан таныстарымнан естіп, осындай орталық барын білдім. Келдім. Маған ұнайды. Бұл жер нағыз мен сияқты әжелерге керек жер екен. Мамандары өте сыпайы. Айтқан өтінішімізді жерде қалдырмайды. Өзіміздің айналысатын шаруаларымыз бар. Жаттығулар жасаймыз. Өзіміз қатарлы әжелермен сөйлесіп, ақаш-шақар боламыз. Бірге серуендейміз. Бұл орталыққа келгенде қан қысымым жиі мазалайтын. Белсенді қимылдап жүріп, оны да ұмыттық. Би десең билеуге, ән десең, ән айтуға болады. Біз секілді қарияларға көп нәрсенің қажеті жоқ қой. Осының өзіне ризамыз» дейді орталыққа келіп жүрген Замира Әкімова.

Жалпы мұндай орталықтардың қарияларға тигізер пайдасы орасан. Белсенді дене қимылы адамды шымыр, шыдамды етеді. Көңіл күйдің көтеріңкі болуына да ықпалы зор. Ағзаға тигізер пайдасы да орасан. Тарқата баяндасақ, тұрақты физикалық жаттығулар көңіл күйді көтеріп, стреспен күресуге көмектеседі. Күн сайын ширақ қимылдау метоболизмді арттырып, артық калорийлерді азайтуға ықпал етеді. Нәтижесінде адамда семіздік ауруы пайда болмайды. Спортты жанына серік ету иммунитетті арттырып, төзімді болуға үйретеді. Тез ұйықтауға көмегін тигізеді. Нәтижесінде ұйқыны реттейді. Ал ұйқысы тынық адамның түрлі кеселдерге ұшырауы неғайбыл. Әсіресе, егде жастағы жандардың ұйқысы жиі бұзылатынын ескерсек, белсенді дене қимылы осы түйткілді шешуге көмектеседі. Дене шынықтыру кезінде өкпеде өзгерістер пайда болады. Өкпенің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты бронхит және пневмония аурулары туралы ұмытуға болады. Жаттығулар жасау кезінде, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жақсы әсер ететін эндорфиндер шығарылады. Мидың ойлау және есте сақтау қабілеттеріне тигізетін пайдасы үлкен. Сонымен қатар қан айналымын жақсартады және адамның сүйегін қатайтады. Бір сөзбен айтқанда белсенді өмір сүру салтының адам баласына, оның ішінде егде жастағы азаматтарға тигізер пайдасы орасан болмақ.

Жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Салауатты өмір салты — ұлт денсаулығын қалыптастырудың негізгі жолы. Сондықтан Жолдауда айтқанымдай, бұқаралық және балалар спортына баса көңіл бөлген жөн» деп атап өткен болатын. Бүгінде аталған тапсырма аясында еліміздің барлық өңірінде ауқымды шаралар атқарылып келеді. Сөз жоқ, біз сөз етіп отырған мекеменің жұмысы президент тапсырмасын орындауда айрықша басымдыққа ие. Өйткені зейнет жасындағы азаматтарды сауықтыру, белсенді өмір салтына бейімдеу мемлекет басшысының тапсырмасын орындаумен қатар, жоғарыда сөз еткен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының төртінші бағытын жүзеге асыруға да септін болмақ.

Айта кетейік, халықтың сапалық құрамының артуы мемлекеттің саясат пен экономикадағы рөлін бекіте түседі. Сондықтан орташа өмір сүру жасының жыл сайын көбейіп отыруы аса маңызды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде былай деген болатын «Жақында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету. Былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі  медициналық қызметтің сапасымен қатар, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз». Сөз жоқ, елдегі денсаулық сақтау ісінің ілгерілеуі әрбір өңірдегі медициналық қызмет сапасының артуына тікелей байланысты. Сол себепті де ел Президенті мен Үкіметі жүктеген міндеттерді мінсіз атқаруда Түркістан қаласындағы медициналық және әлеуметтік орталықтардың маңызы айрықша. Әзірге бұл жауапты істі қаладағы мекемелер жоғары деңгейде атқарылып келе жатыр. Мұны нақты дәлелдерден көріп отырмыз.

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ