ТҮРКІСТАНДА ЖАЗҒЫ АШЫҚ АЛАҢ ОЙЫНДАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан қаласында 220 мыңнан аса тұрғын бар. Бұл сан күн сайын өзгеріп, көбейіп келе жатыр. Сәйкесінше, қаланың экономикалық мүмкіндіктері арта түсуде. Әйткенмен халық санының көбеюімен ғана шаһардың экономикадағы салмағы артып кетпейді. Өйткені әлеуметтің сапалық құрамы айрықша рөл ойнайды. Сондықтан қалада ғана емес, күллі республикада халықтың сапалық көрсеткіштерін арттыру шаралары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келе жатыр. Тіпті, бұл бағыт «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында да қарастырылған. Бүгінде қала аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында көпқабатты аулаларда балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары кеңінен пайдалануға беріліп жатыр. Нысандардың сапасын қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың өзі қадағалап, тиісті тапсырмаларды беріп келеді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралардың Түркістан қаласында жүзеге асуы турасында тарқата баяндамақпыз.
Күн жылыды. Сонымен қатар оқу жылы да аяқталып келе жатыр. Демек жастар мен жасөспірімдердің, қала берді, балалардың бос уақыты көбейді. Бос уақыт тиімді ұйымдастырылмаса, өскелең ұрпақтың жат ағым мен теріс әрекеттерге бас сұғуы мүмкін. Ал жастар жолдан адасса, елдің ертеңі бұлыңғыр болмақ. Сондықтан да облыс орталығында жуырда жазғы ашық алаң ойындарының жалауы желбіреді. Мұндай бастаманың қоғам үшін, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер үшін маңызы айрықша. Өйткені мұнда олар дойбы, секіргішпен секіру, асық ату мен тоғызқұмалақ және ләңгі тебуден бақтарын сынап, бос уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік алады. Осы орайда, дәстүрлі ұйымдастырылатын сайысқа 6 жастан 18 жасқа дейінгі сектор тұрғындары қатысты. 16-17 мамыр аралығында өткен ойындарды ұйымдастырудағы басты мақсат – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, белсенді өмір салтына жастарды үйрету мен бос уақытты пайдалы да тиімді өткізуге көмектесу. Шара жыл сайын ұйымдастырылатынын жоғарыда атап өттік. Сәйкесінше, жыл өткен сайын бұл сайыстың танымалдығы арта түсуде. Бастапқыда қызығушылық танытатын тұрғындардың аз болғаны белгілі. Дегенмен соңғы уақытта қатысушылар саны күрт артып отыр. Мәселен, биыл ұйымдастырылған жарыстың алғашқы күніне 500 тұрғын қатысқан. Мұның өзі халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, белсенді өмір салтына көшуге деген қызығушылығын айғақтайды.
Биыл ұйымдастырылған шарада жарысқа қатысушылар үшін арнайы белгіленген мекенжайлар бекітілді. Олар — Ж.Жабаев атындағы мектеп алдындағы ашық алаң, Т.Бокин көшесіндегі тұрғын үйдің ашық алаңы, Абылай хан көшесіндегі тұрғын үйдің ашық алаңы. Сәйкесінше, кез келген тұрғын осы мекенжайлар бойынша келіп, жарыстарға қатысу үшін тіркеліп жатты. Сайыстар уақыты да тұрғындардың бос уақытына сәйкес, 18:00 мен 20:00 аралығына бекітілді. Алғашқы күн аса тартысты өтті деуге болады. Сайыстарға қатысқан қала тұрғыны Бекхат Омарханның айтуынша, мұндай шаралардың пайдасы зор. Өйткені сайыстар шымыр болуға, білекті болуға баулиды. «Бүгінгі сайысқа үлкен дайындықпен келдім. Ата-анам ұсыныс білдіргеннен кейін бірден келіп тіркелдім. Осы жерден жаңа достар таптым. Ортақ әңгімеміз болғандықтан, тез тіл табысып кеттік. Қаламызда спортқа қызығатын өзім қатарлы балалар көп екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта бірлесіп, аулаларда жаттығатын болып келістік. Осы шараны ұйымдастырған адамдарға алғысымды білдіремін» дейді ол.
Жарыстың екінші күні де бәсекеге толы болды. Бұл күні барлығы 700 қала тұрғыны түрлі сайыстар бойынша бақ сынады. Қалаға қарасты бірінші мөлтекаудандағы №30 тұрғын үй ашық алаңында өткен сайыста қатысушылар қызықты ойын көрсетіп, жеңімпаздарға қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтары табысталды. Бұл сайыстар осымен тоқтап қалмайды. Маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Сондықтан кез келген қала тұрғынының арнайы белгіленген орындарға барып, тіркеліп, қатысуға мүмкіндігі мол. Жалпы алғанда салауатты өмір салты-аурудың алдын алу және денсаулықты нығайту мақсатында жеке адамның өмір сүру салты десек қателеспейміз. Салауатты өмір салты біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді орындауға, жоспарларымызды сәтті жүзеге асыруға, қиындықтарды жеңуге, қажет болса, үлкен жүктемелермен күресуге көмектеседі. Адамның өзі қолдайтын және нығайтатын мықты денсаулық оған ұзақ және қуанышты өмір сүруге мүмкіндік береді. Денсаулық-бұл әр адамның және жалпы қоғамның баға жетпес байлығы. Бізге жақын адамдармен кездесу мен қоштасу кезінде оларға әрқашан жақсы денсаулық тілейміз, өйткені бұл — толыққанды және бақытты өмірдің басты шарты.
Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау мәселесіне айрықша тоқталған болатын. Нақтырағы өз сөзінде «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» дей келе саланы дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмаларды да берді. Осының негізінде арнайы жоба қабылданып, жүзеге асырылуда. Оның нәтижесін 2025 жылдан кейін көреріміз айқын. Өйткені біз жоғарыда сөз еткен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы сол уақытта аяқталады. Күтілетін нәтижелерге келсек, жоба бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 80 пайызға дейін арттыру керек екені айтылған. Жалпы бастама денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздейді. Бұл орайда басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген тұрғынның бірінші кезекте медициналық қызметті сапалы әрі уақытында алуы маңызды болып тұр. Өйткені уақыт өткізіп алмай дұрыс емдеудің талай тағдыр иесін ажалдан арашалап қалып жатады. Бұл жобаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз жемісін беріп келеді дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Ұлттық жоба негізінен жұртты денсаулық сақтау қызметтерімен толық қамтамасыз етуді, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтап, балалар денсаулығын нығайтуды, кадрлық әлеуетті нығайту мен фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту тәрізді бірқатар міндет-мақсаттарды жүзеге асырып отыр. Күні бүгінге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізде өлім-жітім деңгейі төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарынша 2022 жылы елімізде өлім-жітім 15,5 пайызға азайған. Мемлекет үшін басты байлық адам болған соң, азаматтардың өмір сүру жасының өсе беруі оң нәтиже болары анық. 2022 жылдың 7 айында «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың арқасында ел тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4, қатерлі ісіктерден 8,7, тыныс алу ағзаларының сырқаттарынан 23 пайыз және туберкулез сырқатынан болатын өлім 12 пайызға азайған көрінеді. Мамандардың пайымдауынша халықтың жалпы алғандағы өлім-жітімнің көрсеткіші 15,5 пайызға төмендеген екен. Әрине, ұлттық жоба жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша Түркістан қаласында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қаладағы бірқатар ауруханалар мен емханалардың материалдық техникалық базасы заман талабына сай жаңғырды. Халықтың орташа өмір сүру жасын ұлғайту бойынша арнайы орталықтар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту мен белсенді өмір сүру салтын насихаттау шеңберінде қала аумағында тың бастамалар көтерілуде. Оның жарқын мысалын жоғарыда жазып өттік. Демек тарихи қалада медицина саласы қарқынды дамып келеді деген тұжырымның растығына куә болып отырмыз. Әрине, артқарылатын және қолға алынатын жұмыстар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта да дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жас кадрларды даярлау, өңірдегі медицина саласының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жалғаса бермек…