БИЫЛ ЕЛІМІЗДЕ АҚЫЛЫ ЖОЛДАР КӨБЕЙІП, ТАРИФ ӨСУІ МҮМКІН
Көлік министрлігі осы жылы 11 жол учаскесі ақылы болатынын жариялады.
«Қазір еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың км болатын 17 ақылы учаске жұмыс істеп тұр, олар 2013-2023 жылдар аралығында кезең-кезеңімен енгізілді. Биыл жол-жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай ұзындығы 2,2 мың км автожолдардың 11 учаскесінде ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қазір мына жолдар ақылы:
— 2013 жылы — «Астана — Щучинск» (211 км);
— 2019 жылы — «Астана — Теміртау», «Алматы — Қонаев», «Алматы — Қорғас» (682 км);
— 2021 жылы — «Астана — Павлодар», «Қонаев — Талдықорган», «Тараз — Қайнар», «Шымкент — Қызылорда», «Шымкент — Тараз», «Шымкент — Ташкент», «Щучинск — Көкшетау» (1 479 км);
— 2023 жылы — «Павлодар-Семей-Қалбатау»; «Бейнеу-Ақжігіт»; «Орал-Самара»; «Павлодар-Омбы»; «Көкшетау-Петропавл»; «Орал-Саратов» (1 060 км).
«2023 жылғы қазаннан бастап 1 санаттағы жолдардағы ақылы учаскелер бойынша тарифтер АЕК-ке байланысты 20 пайызға өсті, яғни, жеңіл автомобильдер үшін тариф 1,2 тг/км, жүк автомобильдері үшін жүк көтергіштігіне байланысты 6 теңгеден 30 теңгеге дейін. Қазіргі кезде Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚазЖолҒЗИ» АҚ бірлесіп көліктік ағынның ұлғаюын ескере отырып, ақылы учаскелер бойынша жол жүру тарифін қайта қарау бойынша ұсыныстарды пысықтап жатыр», — деп аталып өткен Көлік министрлігі ақпаратында.