ЕЛДЕГІ ЕҢ ҮЗДІК МАМАНДАРДЫҢ БІРІ ТҮРКІСТАНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Медицина саласының адам өміріндегі маңызы мен міндеті зор. Сондықтан бүгінде әлемнің кез келген елі аталған саланың дамуына айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл үрдіс әсіресе әлемді жайлаған пандемиядан кейін жеделдей түсті. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ірі қалалардан бастап, шалғайда жатқан елді мекендерге дейін медициналық орталықтар салынып, барын күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғыра түсуде. Нәтижесінде небір күрделі оталар еліміздегі іргелі денсаулық сақтау мекемелерінде сәтті жасалып келе жатыр. Бұл ғана емес, мемлекетімізде медицинаны дамытуды көздейтін арнайы бағдарлама да бар. Нақтырағы, 2021 жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген болатын.
Бастаманың өз мақсаты мен міндеттері бар. Жоба бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру керек екені айтылған. Ұлттық жоба негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі — қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету. Екіншісі — эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру. Үшіншісі отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдар болса, төртінші бағытында салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту көзделген. Сонымен қатар халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, кадрлық әлеуетті нығайту, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту, дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың қоғамда кең сұранысқа ие болуына ықпал ету сынды міндеттері тағы бар. Әрине, мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру оңай емес. Әйткенмен заманның көшінен қалмай, озық технологияны жұмыс процесіне енгізіп келе жатқан мекемелер баршылық.
Олардың қатарына тарихи қала Түркістаннан орын тепкен Түркістан қалалық орталық ауруханасын қосуға әбден болады. Мекеме бүгінде өңір мен қала тұрғындарына кең ауқымдағы медициналық қызметті көрсетеді. Қызмет нарығында да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келген. Бүгінде аурухана базасында жиырма алтыдан астам құрылымдық бөлімше бар. Оның ішінде он бес клиникалық, тоғыз параклиникалық бөлімшелердің жұмыс істеп тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Осы арқылы медициналық нысан науқастарға сапалы қызмет көрсетуді сәтті жүзеге асыруда. Хирургиялық, терапиялық, кардиологиялық, неврологиялық, гинекологиялық, педиатриялық, офтольмотологиялық қызметтерді сапалы көрсете алатын мекемені бүгінде іздеп келушілердің қатары қалың. Пациенттердің пікірінше, бұл мекеменің басты артықшылығы – барлық медициналық қызметті алу үшін сабылып, аурухана аралап, табан тоздырудың қажеті жоқ, барша қажет медициналық техника мен аппарат мекеме базасында бар. Сонымен қатар аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау бойынша белсенді жұмыс атқарылады. Жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Медициналық орталықта білімі жоғары, тәжірибесі мол, сол арқылы күрделі оталарды сәтті жүзеге асыратын білікті дәрігерлер топтастырылған. Осыдан болса керек, бұл аурухананың дәрігерлерін облыстан, көрші облыстардан іздеп келетін пациенттер бар. Соңғы уақытта Түркістан қалалық орталық ауруханасының жақ-бет отасын жасайтын мықты мамандарына сұраныс айрықша артып шыға келген. Өйткені бұған дейін аталған аурухана базасында жақ-бет отасы сан рет сәтті жасалып, көмек сұрап келген көптің мәселесі шешілген еді. Сол себепті де нарық заманында сұраныстың артуы қалыпты құбылыс деп есептейміз.
Бүгінгідей бәсеке заманында мекеме қызметінің сінсіз болуы немесе жұмыс сапасының жоғары болуы білікті кадрға тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қалалық орталық ауруханасы білікті дәрігерлерімен мақтана алады десек, артық айтқанымыз емес. Қазіргі таңда біз сөз етіп отырған денсаулық сақтау мекемесінде Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкология және иммунология ұлттық медициналық зерттеу орталығында бірнеше рет тәжірибесін шыңдаған білікті маман, Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жақ-бет хирургы Қанағат Қожамжаров қызмет етеді. Осының өзі саладағы қызмет сапасының жоғары екенін айғақтайды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі жақ-бет хирургиясын жетік білетін ақ халаттылар елімізде аса көп емес. Ал біз сөз етіп отырған маман күрделі реконструкциялық және пластикалық операцияларды жасауға маманданған. Сондықтан да бұл ауруханаға әртүрлі ауыр патологиялары мен жарақаттары бар науқастарға бірегей медициналық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Білікті дәрігер қазіргі уақытта хейлоластика — еріннің туа бітткен жырықтарын түзету, уранопластика – таңдай жырығын хирургиялық емдеу, палатопластика – таңдай жырығын түзету, альвеопластика — жақтың альвеолярлы өсіндісін қалпына келтіру, остеосинтез — ауыр жарақаттар үшін металл құрылымдарды пайдаланып сүйектерді қалпына келтіру оталарын сәтті жүзеге асырып жүр. Жоғарғы ерін мен таңдайдың туа біткен жырықтары бар балалардың туу жиілігінің артуы денсаулықтың маңызды мәселесіне айналды. Мұндай патологиялар барлық туа біткен ақаулардың шамамен 13 пайызын құрайды. Мұндай жағдайлардың көбеюі жоғары білікті мамандардың болуын және заманауи емдеу әдістерінің болуын талап етеді. Қанағат Қожамжаровтың қызметінің артықшылықтары — кәсібилігі деуге болады. Яғни дәрігер аса күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік беретін дағды мен тәжірибеге ие. Сондықтан реконструкциялық және эстетикалық операцияларды еш қиындықсыз жасайды. Пациенттерге функционалды ғана емес, сонымен қатар визуалды қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Жақ-бет хирургиясында соңғы технологиялар мен тәсілдерді қолдану жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін дәрігерлер ұдайы тәжірибесін толықтырып, біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Бұл тұрғыдан келген, біз әңгімелеп отырған дәрігердің жетістігі мол. Жалпы жақ-бет хирургиясы күрделі бағыт десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені кешенді күтім тек хирургиялық араласуды ғана емес, сонымен қатар кейінгі оңалтуды және пациентті қолдауды қамтиды. Түркістан қалалық орталық ауруханасы Қанағат Қожамжаров сынды білікті мамандардың арқасында емделушілерге емдеудің озық әдістері мен жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етіп, өңірдегі жетекші медициналық мекемелердің бірі ретінде позициясын нығайтып келеді. Тек Түркістан облысынан ғана емес еліміздің өзге өңірлерінен алтын қолды дәрігерді іздеп келетіндер көп.
Білікті маманның көмегімен қазіргі уақытта аурухана базасында, жоғарыда атап өткеніміздей, хейлопластика, реконструктивті хейлоринопластика, уранопластика, палатопластика, анкилопластика, альвеопластика, френулопластика, остеосинтез сынды оталар жасалуда. Бұл жас мамандардың тәжірибесінің артуына да себепші болып келеді. Нәтижесінде ауруханада тәжірибелі және талантты жас мамандар қатары толыға түсуде. Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Бекзат Берденов қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмайтынын тілге тиек етіп, халыққа жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша маңызды жұмыстар жоспарланғанын және аурухана дамуына бағытталған жаңа нәтижелер мен жетістіктерге қол жеткізу бағытында күш салынып жатқанын айтты. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Өткен жылдан бері аурухана қызметін тұтынуды мақсат еткен науқастар өзге облыстардан да ағылып келеді. Күні бүгінге дейін күнгейдегі шаһарға көмек сұрап келген Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының және Шымкент қаласының бүлдіршіндеріне 700-ден аса жоспарлы және 50-ден аса шұғыл ота түрлері сәтті өткізілген. Әрине, мұның артында біз сөз етіп отырған білікті мамандардың қажырлы еңбегі, толағай тәжрибесі мен Гиппократ антына деген адалдығы жатыр. Сондықтан өңірдің ғана емес күллі елдің медицинасын өрге сүйреп жүрген аймаңдай азаматтар турасында тарқата баяндап, тарата жазуымыз тиіс. Өйткені елді еңбек адамы танытады. Бұл турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан еді. Нақтырағы ел Президенті «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген болатын. Ендеше ел Президенті сөз еткен еңбек адамдарының Түркістандағы сан саланы түлетуге үлес қосып келе жатқанын мақтанышпен жазуға болады. Денсаулық сақтау сынды күрмеуі қатты, жұмысы күрделі салада абыроймен еңбек ету, көмек сұрап келген көптің алғысын алу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Қала берді, жүйкені жүндей түтетін сәттер болады. Сөйте тұра жұмысы қиын болса да табан аудармай қызмет етуге қажыр мен қайрат қажет. Ал мұндай қиындықтың бәрін саралай келе, талай жыл еңбек еткенінің өзіне құрметпен қарауға болады.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласына қоныс аударып, белгілі бір саланың етегінен ұстаған білікті мамандардың қатары артып келе жатыр. Сөз жоқ, мұның өзі жергілікті әкімдік пен мекемелердің саланы дамытуға деген құлшынысын айғақтайды деп сенеміз. Қанағат Қожамжаров секілді білікті де тәжірибесі толысқан мамандар облыс орталығына ауадай қажет. Өйткені аурухана қызметін қаладағы халықты былай қойғанда, облыстың екі миллионға жуық халқы тұтынады. Қош делік, қарымы мен қуатын, қажыры мен қайратын денсаулық сақтау саласына арнаған арда азаматтар туралы қанша жазсақ та аз. Өйткені дәл осындай кадрларға қарап бой түзеп, салаға еңбегі сіңер жас буын өсіп келеді. Бұдан елдің де, ел тұрғындарының да ұтары көп ден білеміз…