ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ АУДАНДАРДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ?

0

ҚР Ұлттық экономика министрлігі шекара маңындағы елді мекендерді дамытуға қолдау жасау мәселесіне қатысты түсінік берді.

«Жалпы, Үкімет шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша тиісті жұмыстарды елдің барлық саланы дамытуға бағытталған қолданыстағы бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жекелей бөлімді енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, іске асырылып жатыр. Осы құжаттар аясындағы шаралар экономиканы, инфрақұрылымды, туризмді, шекара маңындағы сауданы дамыту, жұмыс орындарын құру, мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарын реттеу және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында шекара маңындағы ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2019–2023 жылдары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, электрмен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау объектілерін және жолдар салу, реконструкциялау әрі жөндеу бойынша 1 795 жоба іске асырылды», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұдан басқа, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясында шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін тұрғын үйлер салу, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде шағын кредиттер беру, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша еліміздің 17 өңірінің 3 010 елді мекеніне (оның ішінде 71 шекара маңындағы ауылды елді мекене, 44 мың адамды қамти отырып) талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы интернеттің жоғары жылдамдығын беру жұмыстары атқарылып жатыр. Субсидиялау жөніндегі жоба аясында 1 123 елді мекенде (оның ішінде 514 шекара маңындағы ауыл) талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жергілікті желілерді салу ескерілген. Сонымен қатар, Starlink жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауыл мектептерін қосу жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде елдің 1 993 мектебін (оның ішінде 602 шекара маңындағы ауылдардың мектебі) қосу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

«Қазіргі кезде ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, ауылды елді мекендердің мамандарына көлемі 25% үстемеақы белгіленген. Бұдан басқа, мүдделі мемлекеттік органдармен табиғи-климаттық жағдайлары күрделі шалғайдағы шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін жалақыға үстемеақыны, еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу мәселесі пысықталып жатыр», — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.


ПІКІР ЖАЗУ