ЕЛІМІЗДЕ 37 МЫҢ АДАМ ЖАЗАСЫН ӨТЕП ЖАТЫР
Бүгінде Қазақстан аумағында 62 жазаны өтеу орындары бар. Толығырақ Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтып берді.
«Қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеті – жазаны өтеу тәртібін қамтамасыз ету, сотталғандардың құқығы мен бостандығын қорғау, оларды түзету құралдарын анықтау, сондай-ақ, жаза басқандарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу. Қазір елімізде 78 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 62 бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу орындары және 16 тергеу изоляторы. Ол жерлерде 37 мың жазасын өтеушілер отыр, оның 32 мыңы сотталғандар, ал 5 мыңы тергеу кезінде қамауға алынған айыптылар», — деді Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен онлайн брифингіде.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, колониялар мен уақытша ұстау изоляторларында 39 мыңнан астам бейнекамера орнатылған.
«Мемлекет басшысы сотталғандардың құқығы мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу және мекеме қызметкерлерінің арасындағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында барлық колонияға бейнебақылау жүйесін енгізуді тапсырған еді», — дейді ол.