ТҮРКІСТАННАН ТҮЛЕП ҰШҚАН МЫҢДАҒАН МАМАН МЕДИЦИНАНЫ ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТУДЕ

0

Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді. Бұл – бұлтартпас шындық. Сондықтан елімізде кадр даярлау мәселесі өзекті болып келген, бола бермек те. Қалың оқырманның жадында болса, бұдан біршама уақыт бұрын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған еді. Медицина саласының әлеуетін арттыруды көздейтін аталған құжаттағы басым бағыттардың бірі – сапалы да білікті, тәжірибелі де қабілетті медицина қызметкерлерін даярлау. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласының мемлекеттік жобаны жүзеге асыруға сіңіріп жатқан еңбегі орасан. Өйткені қалада медицина қызметкерлерін даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орны бар. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Біз сөз еткелі отырған жоғары оқу орны — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Бүгінде қоғамның сан түрлі саласына сапалы мамандар даярлап жатқан білім мекемесінде медицина факультеті бар. Бұл факультет алғаш болып 1991 жылы ашылды. Бастапқыда 100 студент қабылдап, білім мен машыққа үйретті. Уақыт бір орында тұрмайды. Мықты профессорлық-оқытушылық құрамның арқасында факультеттен түлек ұшқан түлектер өздерінің бәсекеге қабілетті екенін іс жүзінде көрсетті. Осының арқасында оқу орнының білімін алғысы келетін жастардың саны артқан. Қазіргі уақытта бакалавриат бағдарламасы негізінде 3 мың студент, магистратура, докторантура бағдарламасы бойынша 35 азамат білім алып жатыр. Мекеменің білім деңгейі халықаралық деңгейде мойындалған десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені қазірдің өзінде факультетте 17 мемлекеттен 41 ұлттың өкілдері білім алып жатыр. Оларға сапалы да білікті 500-ге тарта оқытушы-профессорлар білім беруде. Факультеттің ауқымы үлкен. Бүгінде 9 кафедра жұмыс істеп жатыр. Олар — Адам морфологиясы және физиологиясы, Акушерлік іс және гинекология, Арнайы клиникалық пәндер, Жалпы хирургия, Жедел медициналық жәрдем, Педиатрия, Пропедевтика және ішкі аурулар, Профилактикалық медицина, Хирургиялық аурулар.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау бағытында білім беру бағдарламаларын іске асыра отырып, оқу бейінін айқындайтын бір немесе бірнеше сабақтас білім беру бағдарламалары бойынш амамандар дайындайтын, сондай-ақ оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орнының медицина факультеті құрамына кіретін мамандықтарға қатысты барлық кафедралар мен зертханаларды біріктіреді. Факультет мақсатын сұрағанымызда «Біздің негізгі мақсатымыз — денсаулық сақтау саласындағы білімді, тәжірибені және ғылыми жаңалықтарды меңгере отырып, жалпы халыққа алғашқы және жоғары мамандандырылған үздіксіз  медициналық көмекті  көрсете білетін, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Қожа Ахмет Ясауи университетіндегі іргелі білім ошақтарының бірі — Медицина факультеті. Факультеттің құрамына енетін кафедралардың оқу, тәрбие және ғылыми жұмыстарына басшылық жасайды. Оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік бағытын үйлестіреді. Құрылымның даму стратегиясын әзірлеп, жұмыс берушілермен байланыстар орнатады. Мамандар дайындау бағыттары бойынша денсаулық сақтау қызметінің нарығын зерделейді» деген жауап алдық. Кейіннен зерттей келе қарасақ, факультетте сапалы білім алуға барша жағдайлар жасалыпты. Мекеме жаңа үлгідегі оқу ғимараттарымен, зертханамен, заманауи талаптарға толық жауап беретін университет клиникасымен, симуляциялық орталықпен қамтылған.

Заман ауып, уақыт жылжыған сайын материалдық-техникалық базаның ескіретіні, жаңасына ауыстыру керегі белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, сапалы маман даярлауға қажет құрылғылар үнемі сатып алынып келеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында жаңа микробиология лабораториясы және анатомиялық оқу құралдары алынған. Тәжірибе алмасу ісінің жолға қойылғанын да айта кеткеніміз жөн. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында өткен жылы университеттің 17 студенті Түркияның белді де беделді білім ордаларында оқып қайтқан. Сапалы маман даярлау мақсаты бойынша түрік елінің Гази университетімен стратегиялық серіктестік орнатылған. Бұл факультетке түскен студенттер ағылшын мен түрік тілдерін тегін меңгере алады. Өйткені тегін курстар ұйымдастырылған. Осының арқасында медицина саласына қатысты халықаралық деңгейдегі жаңалықтар мен өзге де ақпараттарды білуіне мүмкіндік бар. «1 курстан бастап ғылым мен айналысу үшін факультетте көптеген ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Студенттердің ғылыми қоғамы жұмыс істейді, ол 5 ғылыми үйірменің негізінде құралған. Студенттердің қоғамдық жұмыстармен айналысуына да жағдай жасалған, соның айғағы — медицина факультет студенттерінің Дүниежүзілік және Қазақстан медицина жастары ассоциясының мүшелігіне сайлануы. Бүгінгі күні факультетте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту» туралы бұйрығына сәйкес, «Үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламасы» 2022 жылдан оқу үдерісіне енгізіліп жұмыс істеуде. Осы бағытта Түркия Республикасы Гази университетімен бірлескен жаңа үздіксіз интеграциялық білім беру бағдарламаларын енгізу  жоспарлануда. Факультет студенттері үшін университетіміздің клиникасы – Клиника-диагностикалық орталығы және Түркістан және Кентау қаласындағы 17 клиникалық базалар қызмет көрсетеді» дейді факультет басшылығы.

Факультеттің өткеніне көз жүгіртсек, бірінші декан болып медицина ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Бекмұратов тағайындалған. Бертін келе факультетке медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.Н.Шалхаров, медицина ғылымдарының кандидаты Б.К.Жунисов, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент М.С.Жүнісов басшылық еткен. 2018 жылдан бері қарай факультет тізгінін медицина ғылымдарының докторы, профессор Ы.С.Молдалиев өз қолына алып, жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Факультет ашылған жылдардан бері талай білікті мамандар, ардагер ғалымдар студенттерге дәріс оқып, қаншама құнды кеңес берген. Олардың қатарында «Хирургиялық аурулар» кафедрасының қабырғасын қалаған алғашқы кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор М.М.Ахметов, «Терапия» кафедрасының алғашқы меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Б.С.Калмурзина, «Педиатрия» кафедрасының алғашқы меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор К.А.Асканбаева, гигиена-эпидемиология маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.К.Керимбеков, терапевт, медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ш.Шалхаров, невропатолог, профессор Х.Б.Бралов, фармаколог, профессор О.М.Мырзагалиев, профессор М.Р.Рысулы, офтольмолог, профессор А.Т.Сагалов, травматолог, профессор А.Б.Болгаев, патолог-анатом профессор Ж.Б.Ахметов, гистолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент С.А.Ажаев, биохимия маманы, биология ғылымдарының докторы, профессор Р.Д.Дильбарханова, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор И.А.Ташев сынды алтын қолды дәрігерлер мен білікті мамандар бар. Осының арқасында факультет ашылған уақыттан бері 6 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланған. Соңғы 5 жылда факультет ғалымдарымен индекстелген журналдарда 70 мақала жарық көрсе, басқа басылымдарда 286 мақала, конферецияларда 156 мақала шықты. Факультет білім алушылары соңғы 5 жылда пәндік халықаралық олимпиядаларда 35 жүлделі орындарды жеңіп алды. Жалпы факультет бойынша 126 оқытушы-прфоессорлық құрам, оның ішінде 7 ғылым докторы мен профессорлар, 32 ғылым кандидаттары және 10 PhD, 36 магистр, 41 оқытушы дәріс беруде. Ғылыми дәрежелік көрсеткіші 46,7  пайызды құрап отыр. Орташа жас – 43,4.

Ахмет Ясауи университеті — Қазақстандағы жеке клиникасы бар классикалық бағыттағы жалғыз жоғары оқу орны. Бұл – университет үшін сапалы маман даярлауға мүмкіндік береді. Біз сөз етіп отырған мекеме А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті клиникалық-диагностикалық орталығының құрылымдық бөлімшесі саналады. Бұл мекеме жоғары оқу орнында білім алатын контингент пен профессор-оқытушы құрамымен сапалы, арнайы тегін кеңес беру – диагностикалық көмек беруге арналған. Өткеніне үңілсек, аты аталған бөлімше 2008 жылдың желтоқсанында ашылып, жұмысын жүргізе бастаған. Емханада бір мезетте жүздеген келушіні қабылдай алады. Мекемеде терапевт, жалпы хирург, уролог, травматолог-ортопед, лор дәрігері, көз дәрігері, нейрохирург, дермотолог, гинеколог, кардиолог, стоматолог, невропатолог сынды кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет етеді. Мұнда науқастардық толық тексеруден өтуіне арналған барлық жағдайлар қарастырылған. Автоматты ақпараттандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Пациенттердің деректері компьютерлік жүйеде сақталады. Бұл қызмет алу барысында туындайтын түрлі мәселелерді жоюға ықпал етеді. Тіркеу орны да қарастырылған. Мұнда арнайы маманданған және тәжірибеден өткен қызметкерлер науқастарды қабылдап, тіркейді. Бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетеді. Науқастарды автоматтандырылған түрде тіркейтін «Aksağlık» жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл саладағы қағазбастылықты жоюға ықпал етеді. Тіркеу орны қызметі емханадағы кеңес беру құрамына кіреді де пациенттерді дәрігердің қабылдауына уақытылы тіркеуді қамтамасыз етеді.

Бұл бөлімшенің жергілікті жердегі медицина саласын дамытудағы маңызы мен міндеті зор. Орталық алдымен қала тұрғындарына, одан кейін күллі күнгейдегі азаматтарға қызмет көрсетіп келеді. Негізінен Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылған Клиника-диагностикалық орталығының құрылысы 2000 жылы басталып, 2006 жылы аяқталған. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар Өкілетті Кеңес Басқармасы тарапынан Түркиядан қамтамасыз етілген және технологияның соңғы үлгісіндегі құрал-саймандармен жабдықталған орталықтың ашылғанына биыл 16 жылдан асты. «Клиника-диагностикалық орталық дамыған Еуропа елдеріндегі медициналық оқу орындарының үлгісін ала отырып, университеттің медицина факультетінің жаңа заманауи клиника диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мықты тәжірибелік базасы ретінде ашылған. Клиника халыққа медициналық қызмет көрсете отырып, болашақ медицина саласына кәсіби мамандарды дайындау мақсатын көздейді» дейді клиника басшылығы. Бүгінде орталықтың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асып жығылады. Оның 12 224 шаршы метрі ашық автопарк пен бау-бақша алаңы ретінде салынған. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, клиникада 300-ден астам қызметкер, оның ішінде әртүрлі сала мамандықтары бойынша жоғары тәжірибеге ие 69 дәрігер қызмет атқарады. Бұдан бөлек, мұнда университетке қарасты медицина факультетінің 3 профессоры, 5 медицина ғылымының кандидаты, 2 PhD докторанты. 11 магистр мен 5 резидентурада бітірген маман жұмыс атқарып, жас студенттерге бағыт-бағдар береді.

Мекеменің материалдық техникалық базасы турасында сұрағанымызда «Клиника-диагностикалық орталығының емханасы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтсақ, жалпы қан анализаторы, биохимиялық анализаторы, гармон анализаторы, жалпы несеп анализаторы, сонымен қоса соңғы үлгідегі магниттік-резонансты томограф, компьютерлік томограф, ультрадыбыстық аппараттары, эндоскопиялық аппараты орнатылған. Клиникада қазіргі таңда 6 бөлімше – хирургия, реанимация, терапия, нейрохирургия, нейрореанимация, нейроинсульт, гемодиализ, жарақат бекеті жұмыс істеуде,сонымен қатар жоғары мамандандырылған хирург, эндокринолог, кардиолог, гинеколог, травматолог, реаниматолог, проктолог, нефролог, стоматолог, нейрохирург, логопед, реабилитолог, терапевт, уролог, көз дәрігері, невропатолог, ЛОР дәрігері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, операциялық блок, залалсыздандыру, эндоскопия, аудиометрия, радиология, клиникалық зертхана, патогистология, ЛФК бөлімі қызмет атқаруда. Зертханада соңғы үлгідегі технологиялық құрал-саймандармен әр түрлі тесттер жүргізілуде» деген жауап алдық. Қош делік, қазіргі таңда жергілікті тұрғындар 120 төсек орны бар мекеменің қызметін тұтынып, жоғары сапалы қызметіне алғыс айтып келеді. Мұны клиникада ем алған азаматтардың өз аузынан естідік. Айта кетйік, клиника өткен жылы Түркістан облысындағы үшінші дәрежелі бірінші және жалғыз инсульт орталығы ретінде Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінде аккредитациядан өтті. Клиника-диагностикалық орталығында бас миы тамырларына жасалып жатқан оталар жақын келешекте облыстағы инсульттан болатын өлім-жітім мен мүгедектік санын азайтуға айтарлықтар ықпал етеді деген сенім мол.

Бөлімшеде түрлі тәжірибе алмасу мақсатын көздейтін оталар жасалып тұрады. Мәселен, өткен жылы Ахмет Ясауи университетінің Клиника-диагностикалық орталығында алғаш рет бас миы тамырларының аневризмасына емдік ота жасалды. Мұны қарапайым тілмен тарқатсақ, инсульттің алдын алуға бағытталған операция жасалған. Екі жарым сағатқа созылған ота ангиография құрылғысының көмегімен және эмболизация әдісін қолдану арқылы сәтті жасалған. Оған нейрохирургтар, реаниматолог-анестезиологтар мен неврологтар қатысып, тәжірибе алмасып, құнды мағлұматтар алған. Клиника бас дәрігерінің айтуынша, бұл ауру түрі бас миындағы әлсіреген қан тамырлары ісініп, томпайғаннан кейін дамиды. Егер ерте сатысында анықтап, медициналық көмек көрсетпесе, аневризма жарылып, миға қан құйылуы мүмкін. Сондықтан мұндай отаның науқастың өмірін сақтап қалудағы маңызы айрықша. Бұл ғана емес, клиника мамандары шаһардағы өзге де емхана және аурухана дәрігерлерімен бірлесіп, күрделі оталарды жасауды да жолға қойған. Тарқата баяндасақ, бұдан біршама уақыт бұрын аталған клиниканың қызметкерлері Түркістан қалалық балалар ауруханасының мамандарымен бірлесіп, қуық экстрофиясына жалпы коррекциялық емдеу отасын жасады. Елімізде бұрын-соңды мұндай ота түрі жасалмаған. Алғаш рет жасалған операцияға университеттің «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркиядан арнайы келген дәрігер, Бурса Улудаг университеті Медицина факультетінің профессоры, балалар урологы Низамитдин Кылыч жетекшілік етті. Оған оқу орнының профессоры Юнус Сөйлет, білікті балалар дәрігері Вахид Таиров көмектесті. Ота ауыр болғандықтар, дәрігерлер бір апта көлемінде күрделі операциялар жасады. Атап айтар болсақ, жаңа туған қыз баланың қуық экстрофиясы жалпы түзету әдісімен емделді. Бұған қоса, науқастың ажыраған жамбас сүйектері қалпына келтірілді. Сонымен қатар бұған дейін сәтсіз жасалған отаның салдарынан несеп-жыныс құрылымы өзгерген өзге науқасқа да ота жүргізілді. Бұған дейін алты рет ота жасалған, гипоспадиямен ауыратын тағы бір науқастың да отасы сәтті аяқталды. Әрбірі шамамен 5-6 сағатты құрайтын бұл оталар — балалар урологиясы саласындағы ең қиын оталар қатарына жатады. Түркиялық дәрігер Низамитдин Кылыч тек ота жасап қана қоймай, науқастарға кеңес беріп, оқу орнының Медицина факультеті студенттеріне «Балалар урологиясындағы науқастарға көзқарас» тақырыбында теориялық тренингтер өткізді. Ахмет Ясауи университетінің «Ана жұрттан ата жұртқа — денсаулық көпірі» жобасы Қазақстан мен Түркия Республикалары және тұтас түркі дүниесі деңгейінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейтінін айта кеткеніміз жөн. Жоба аясында бауырлас елдердің медицина мамандары біліктілік арттырып, өзара тәжірибе алмасады. Түркия Республикасының денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибесін еліміз медицинасын дамыту бағытында пайдалану мүмкіндігі артады. Бастысы, мұны іс жүзінде біз сөз етіп отырған клиника сәтті жүзеге асырып келеді. Қазірде мұнда отандық білікті мамандарды былай қойғанда, шетелден келетін тәлімгерлер де бар. Мұның өзі бәсеке заманында оқу орнының барлық талапқа сай болуға тырысып жатқанын аңғартса керек.

Қалың оқырманның жадында болса, клиника 2023 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығы негізінде «2023 жылға арналған ұйымдастырушылық-әдістемелік көмекті, кеңес тәжірибелік көмекті көрсету шеңберінде және медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың өзге де сұрақтары бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін үйлестіретін денсаулық сақтау ұйымдарының» тізіміне енді. Сонымен қатар орталықта былтыр алғаш рет «Жамбас буынын ревизионды эндопротездеу», «Ми тамырларына ангиографиялық ота жасау», «Ми қантамырларына стент қою» сынды күрделі операциялар сәтті жасалды. Бұл өңірде ғана емес, жалпы еліміздегі медицина саласының дамуына клиниканың қосып жатқан үлесін айғақтайды. Бір сөзбен айтқанда, «Түркі дүниесі елдерімен бірге отырып ғылыми әлуетті үнемі өсіру негізінде денсаулық сақтауда жоғарғы біліктілікті бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды  жүзеге асыратын инновациялық кластер құру мен еңбек нарқында бәсекеге қабілетті, ғылыми әлеуеті жоғары және барлық қызметтің саласында білім мен тәжірибені инновациялық технологиялық жолымен ұштастырған, медициналық білім беру жүйесіндегі түркі дүниесі қауымдастығының әлуметтік-жауапты көшбасшысы болуды» мақсат еткен оқу орнының медицина факультеті студенттеріне біз сөз еткен клиникада тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деген болатын. Ел президенті ұсынып отырған бастаманың іс жүзінде жемісті нәтижелер беретінін жоғарыдағы мысалдардан айқын көруге болады деп есептейміз. Қош делік, мыңдаған маман дайындап, саланың дамуына серпін беріп отырған жоғары оқу орнының қызметіне жоғары баға беруге болады. Бұл қарқын сақталса, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының тиімді нәтижелер беретініне күмән келтіре алмасымыз анық.


ПІКІР ЖАЗУ