УАҚЫТ СЫНЫНАН СҮРІНБЕЙ ӨТКЕН АУРУХАНА

0

Бүгінде мемлекеттік қызметпен ел тұрғындарын толықтай қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Әрине, мұның артында ауқымды қаржы, қажырлы еңбек пен адами ресурстардың жатқаны белгілі. Сондықтан да елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестікке баса назар аударылып келе жатыр. Бұл жүйе жұмыс сапасының артуына, қызметтердің сапалы көрсетілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жеке меншік сектордың қоғам игілігі үшін атқарылатын жұмыстарда ынтымақтастық орнату арқылы жүзеге асырылады. Яғни жеке инвесторлар белгілі бір салада мемлекеттік қызметтерлі көрсету құқығын алып, орталықтар ашады. Ал мемлекет оған қолдау көрсетеді. Осының арқасында мемлекетіміздегі түйткілді түйіндері көп білім мен медицинада бірқатар мәелелер шешімін тапты. Тіпті, кейбір орталықтар ауқымды жетістіктерге жетіп, нарық заманында бәсекеге қабілетті екенін аңғарта түсуде. Осы орайда, бүгінгі материалымызда талай жылдан бері түркістандық тұрғындардың алғысына бөленіп келе жатқан медициналық мекеме турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Бүгінгі біздің материалымызға арқау болған орталық – Түркістан қаласынан орын тепкен «Ақмарал» ауруханасы. Бұл орталықтың қызметіне жүгінетіндердің қатары жылдан жылға артып келе жатыр. Араға ондаған жылдар салып іргелі мекемеге айналған медициналық нысанның өткенін саралап көрейік. Аурухана тарихына көз жүгіртсек, көп жыл бойы халық денсаулығын сақтау саласында аянбай еңбек еткен Халилаева Мархабад Нұрлаққызы — «Ақмарал» ауруханасы  ұжымының  құрылтайшысы.  Халилаева  Мархабад  Нұрлаққызы 1944 жылы қаңтар айының 1 күні дүние есігін ашқан. Жас кезінен-ақ жанарынан жалын байқалған жан 1969 жылы сол уақыттағы ең іргелі оқу орындарының бірі Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіреді. Жас маманның алғашқы еңбек жолы сол уақыттағы Түркістан ауданы Куйбышев совхозында аға дәрігер болудан басталған. Жұмысқа жауапты, қызметте қабілетті маман алғашқы жұмыс орнында-ақ білгені мен түйгені, оқығаны мен меңгергені бір дүние екенін аңғартып, басшылықтың көзіне түседі. Содан да болса керек, 1976 жылы Түркістан аудандық ауруханасына бас дәрігерлің орынбасары болып ауысып, табан аудармай талай жыл еңбек етеді. Кез келген істі ұршықша иіріп әктететін жанның көшбасшылық қабілеті сол кезден бастап шыңдалып, айналасына сыйлы, ұжымдастарына құрметті болады. Жұбайының медицина саласына жан-тәнімен беріліп, адам саулығын сақтаудағы ерен еңбегіне тәнті болған жолдасы Рахым Шерханов 1998 жылы 115 төсектік «Ақмарал» ауруханасын ашуға мұрындық болады. Әрине, ол уақытта бүгінгідей техника мен технология, қала берді, ақпарат алмасу дамымаған кез. Бұл жаңадан ашылған мекеменің жұмысын жүргізуге үлкен кедергі болатыны айқын. Әйткенмен біз сөз етіп отырған мекеменің құрылтайшылары жұмысын бір сәтке де тоқтатпаған. Керісінше, сапалы қызмет арқылы түркістандықтардың сеніміне кіріп, саулығын сеніп тапсыруына еңбектене түседі.

Адам бойында тума қабілет, айрықша дарын, тұғыры биік талант болса, көп арасында мойындалатыны белгілі. Бұл сөзді тектен текке айтып отырғанымыз жоқ. Халиллаева Мархабад Нұрлаққызы  — 2003  жылы халықаралық психология ғылымдарының Құрметті академигі атағын Россия Федерациясының еңбегі сіңген ғалымы В.В.Новиковтың қолынан алады. Бұл шағын ғана мекеменің қызметін солтүстіктегі көршілеріміз де мойындай түскен сәт еді. Жемісті еңбек жолындағы қажырлы еңбектің бағалануы мұнымен шектеліп қалмаған. 2006 жылы «Отан» республикалық саяси партиясы «Қазақстандық бағыт — 2009» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан айрықша еңбегі үшін марапаттайды. 2007 жылы Түркістан қалалық өкілдігі саяси кеңесі «Отан» республикалық саяси партиясының мадақтама грамотасымен марапатталады. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алады. 2014 жылы үздік еңбегі үшін Түркістан қалалық әкімдігінің дипломымен марапатталады. Қарап отырсақ, қазақ қызының қайсарлығы мен батылдығы, іскерлігі мен ілтипаты бір бойына тоғысқан ақ халатты абзал жан өзінің нарық заманында бәсекеге қабілетті екенін бір емес бірнеше рет дәлелдеп, істің үдесінен шыға алатынын көрсеткен. Сөйте тұра бұл жан жеке марапаттың буына, атақ пен даңқтың алдауына түсіп, қара бастың қамымен кете баруды құп санамайтын. Өзі ашып, лентасын қиған мекемені заман талабына сай жаңғырту, орын санын арттыру, материалдық-техникалық базасын кеңейтуге айрықша көңіл бөлуді бір сәтке болсын естен шығармаған.

Мемлекеттік бағдарламалар қолға алынса, алдыңғылардан болып, қолдап, іс жүзінде орындалуына үлес қосқанының өзін айрықша бағалауға болатын тәрізді. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қолдау мақсатында қаладағы Төреқұлов көшесі №68 үйде 2012 жылы жаңадан 100 орындықты 3 этажды аурухана корпусының 2500 шаршы метрді құрайтын құрылысын салып бітірді. 2017 жылы Баялиев көшесі №35 үйде «Ақмарал» ауруханасының филиалы ашылып, ревматология, пульмонология, кардиология бөлімшелері науқастар үшін жұмыс жасауды бастаған. Барлық  жағдайымен қамтамасыз етілген. Тренажер залы, массаж жасау және ЛФК кабинеті жұмыс істейді. Науқастарды магнитті терапиямен, дарсенваль, соллюкс арқылы емдейді. Бұл тамыр ауруларына инсульттан кейінгі реабилитация, қант диабетін, құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеуге қолданады. 2016 жылы халықты  тұрғылықты жері бойынша емханаларға тіркеп, сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында аурухана қарамағынан 18000 халықты қамтамасыз ететін емхана ашылған. Онда тәжірибелі дәрігерлер, мейірбикелер, көз дәрігері, тіс дәрігері, хирург, травматолог, ревматолог, эндокринолог, невропатолог, кардиолог, пульмонолог, онколог, уролог және акушер-гинеколог дәрігерлері халыққа қызмет көрсетеді. Емхана заманауи цифрлық рентген, УЗИ, ФГДС, флюорография аппараттарымен жабдықталған. Қазіргі таңда «Акмарал» аурухана мекемесінің емханасына тіркелген халық саны 31 мыңды құрайды.

Бүгінде «Акмарал» ауруханасынының 3 филиалы, оның ішінде 115 төсекті 7 клиникалық бөлімшелері бар. Бөлімшелер  терапия, эндокринология, ревматология, кардиология, пульмоногия, гастроэнтерология, неврология, кардиологиялық және неврологиялық науқастар үшін қалпына келтіру және медициналық оңалту бөлімшесінің төсектерімен, 70 төсекті күндізгі стационардан, кеңестік-диагностикалық емханадан тұрады. Клиникалық бөлімшелердің жұмысы үшін параклиникалық бөлімшелер ашылған. Олар — функционалдық диагностика бөлімшесі, клиникалық-диагностикалық  зертхана, сәулелік диагностика бөлімшесі, физиотерапия бөлімшесі. Ұжымға келсек, білікті де білімді мамандармен толықтырылып келеді. Қазіргі уақытта аурухананың бас дәрігері қызметін Шерханова Ақмарал Рахымқызы атқарып келеді. Сонымен қатар мекемеде Наргиза Джумбаева, Фурхат Кузиметов, Дина Битемирова, Әйгерім Сыздықова сынды білікті деп білімді мамандар қызмет етеді.

Медициналық мекемеде халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте медициналық қызметтердің сапасын сараптауға ерекше көңіл бөлінеді. Сараптама медициналық қызметтердің сапа деңгейін, оларды көрсетудің толықтығын, стандарттарға сәйкестігін, тиімділігі мен уақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Сыртқы сараптаманы мемлекеттік органдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және тәуелсіз сарапшылар жүргізе алады. Ішкі сараптама медициналық ұйымның өзінде жүргізіледі, ол үшін пациентке қолдау көрсету және ішкі сараптама қызметтерінен тұрады. Бұл қызмет медициналық ұйымның медициналық көмектің сапасын басқару жөніндегі қызметін тұтастай үйлестіреді. Ол пациенттердің проблемаларын қарастырып, шешіп қана қоймай, сонымен қатар өз кадрларын, жабдықтарын пайдаланудың тиімділігін бағалайды. Сонымен қатар медициналық көмек көрсету технологияларын тексереді, тегін көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету ережелерін сақтайды, медициналық сақтандыру қызметтерін көрсетеді, персоналды ЖПД бойынша оқытады. Ең маңыздысы, пациенттердің пікірі қашан да ескерілген. Егер учаскелік дәрігердің болмауы себебінен оны қабылдаудан бас тартылса, тіркелген тұрғындарға жеке принцип негізінде қызмет көрсетуден бас тартылса, науқастар бейінді маманнан кеңес ала алмаса, жүргізілген зерттеу нәтижелерімен танысу мүмкіндігі болмаса, денсаулық көрсеткіштері бойынша диагностикалық немесе зертханалық қызметтерге жолдама берілмесе, қабылдау барысында дәрігер дөрекілік танытса, науқас медициналық қызметтің сапасына қанағаттанбаса, тағайындалған емнің дұрыстығына күмәнданса, медициналық жазбаларда қате деректер кезіксе, мейірбике қызметі көңілге қонбаса, пациенттерді қолдау орталығына хабарласу мүмкіндігі қарастырылған. Орын алған олқылықтар дереу шешіліп, тиісті шаралар көріледі. Мұның өзі нарық заманының заңдылықтары «Ақмарал» ауруханасында айрықша бағаланатынын аңғартса керек.

«Ақмарал»  аурухана мекемесінің миссиясы — дәлелдеу қағидаттарында пациенттердің өмір сүру сапасын ұзарту және жақсарту үшін ауруларды емдеу мен диагностикалаудың үздік заманауи әдістерін медициналық практикаға енгізу. Сонымен қатар әр пациентке сапалы медициналық қызмет көрсету, пациенттерге аурулардың сипаты, диагностикасы және емдеу туралы ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ету, олардың денсаулығы мен әл-ауқатына әсер ететін шешімдер қабылдауда хабардар болуға ұмтылуына жәрдемдесу сынды мақсаттарды сәтті жүзеге асырып келе жатыр. «Медициналық қызметтердің тиімділігін арттыруға, осы миссияны тікелей қолдайтын мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін жобаларды таңдау мен қаржыландыруды жүйелі түрде іске асыру, материалдық емес ресурстарды қоса алғанда, ресурстарды тиімді пайдалану арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізу сынды бағыттарға басымдық беріп отырмыз» дейді аурухана басшылығы.

Қазіргі таңда медициналық мекеменің қызметін денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрық бойынша, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер, жалпы 10 санат бойынша тізімге енгізілген азаматтар ала алады. Оның ішінде балалардың денсаулығына айрықша назар аударады. Мекемедегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды үйлестіруге жауапты бас дәрігердің орынбасары Дина Битемированың айтуынша, атқарылатын шаралар демографиялық, экономикалық, еңбек, әлеуметтік, мәдени, тіпті қорғаныс әлеуетінің негізін құрайды. Ауруханадағы сапады мамандардың қызметінің арқасында тіркелген тұрғындар, оның ішінде, әйелдер өздерінің және балаларының денсаулықтарына мұқият қарай бастаған. Басым бөлігі скринингтің тексерулерден мерзімінде өтіп, саулығына сақтықпен қарап келеді. Емханада әр жылға жоспарланған іс шаралар толығымен орындалатын көрінеді. «Салауатты өмір салтын ұстану» бойынша халық арасында түсіндірме жұмыстары бір сәтке болсын тоқтаған емес. Ең өзекті мәселелердің бірі — 0-1 жас аралығындағы сәбилерге мерзімінде екпе жасату. Бұдан бөлек, ана мен бала денсаулығы да басты бақылауда. Бұл туралы бас дәрігердің орынбасары «Түркістан қаласында орналасқан облыстық перинаталдық орталық, перзентаханадан босанған әйелдер балаларымен шығарылғанда, мекенжайы бойынша емханаға тіркеледі. Біз учаскелік дәрігерді жібереміз. Ол баланың 1 жасқа дейін бақылап тұрады. Соынмен қатар баланың 3, 6 айлығында 1 жақса  дейін  бірқатар ауруларға екпе жасалады. Ата-аналар балларының денсаулығы мықты болсын десе шақырған уақытта келіп екпесін алуы тиіс» дейді.

Бүгінде аурухана ұжымы медициналық қызметтен бөлек, түрлі ел деңгейіндегі акциялар мен шараларға белсене қатысып келеді. Мәселен, жуырда өткен «Таза Қазақстан» акциясын қолдау бойынша мекеме ұжымы тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар елдің батысын су басып, әлеумет үйінен үдере көшкен уақытта аурухана басшылығы дереу қайырымдылыққа қаржы жинауды бастап кетті. Арада көп уақыт өтпей-ақ ұйысқан ұжым қолдан келгенше көмектерін берді. Нәтижесінде мекеменің қолдауымен жиналған гуманитарлық көмек батыстағы ағайынға жөнелтілді. Аңғарып отырсақ, мекемедегі ақ халаттылар денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосумен шектеліп отырған жоқ. Ел басына күн туғанда қолдан келер көмегін бір сәтке болсын аянып қалмаған. Осының өзі береке дарып, ынтымақ жайлаған ауруханада түршлі игі бастамалардың ұдайы көтеріліп келе жатқанын білдіреді. Бұл ғана емес, мекеме қызметкерлері медицинада болатын атаулы күндерде түрлі акциялар мен челлендждерге қатысып, мекеме мамандарының қабілетті, тәжірибелі екенін көрсете түсуде. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайды. Мәселен, жуырда ғана қаладағы Әйтеке би атындағы №26 мектепте мекеме дәрігері, атап айтқанда, терапевт Айжан Төлегенова оқушыларға «Артериялық гипертензия» тақырыбында семинар-тренинг өткізген. Осының өзі медициналық мекеме жұмысының жемісті екенін аңғартса керек.

Мемлекет басшысы еліміздегі медициналық мекемелердің жұмысы қашан да маңызды екенін айтып келеді. Бір сөзінде «Медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндеті қойылды. Алғашқы медициналық санитарлық жәрдем беру ісін дамытуға баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біз бұл салаға уақытында назар аудармадық. Эпидемия мұндай іс-қимылдардың қате екенін көрсетті. Қазір жіберген қателіктерге дұрыс көңіл бөліп, оларды түзетуіміз керек. Әрине, медицина әрдайым басты назарымызда болады» деп атап өткен болатын. Осының негізінде мемлекетімізде денсаулық сақтау ісін ілгерілету бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Нәтижесін көзіміз көріп келеді. Бұл қатарда мемлекеттің тиімді бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысып, халықтың сапалық көрсеткішінің артуына ықпал етіп отырған «Ақмарал» ауруханасы сынды уақыттың елегінен өткен іргелі орталықтардың маңызы айрықша.

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ