ЖАС МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ УНИВЕРСИТЕТ ҚАБЫРҒАСЫНАН ТҮЛЕП ҰШТЫ

0

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы еліміздегі денсаулық сақтау саласын ілгерілетуді көздейді. Маңызды құжатта материалдық-техникалық базаны нығайту, ақ халаттылардың біліктілігін арттыру, салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, сонымен қатар кадрлық әлеуетті арттыру сынды негізгі бағыттар бар. Бүгінде аталған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар қабылданып, іске асып келе жатыр. Оның ішінде кадрлық әлеуетті арттыру бойынша бірқатар тың бастамалар қолға алынған. Жасыратыны жоқ, мықты маман даярлау үшін білікті оқытушылар құрамы қажет. Бұл тұрғыдан келген, Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың медицина факультетін айналып өте алмасымыз анық. Күнгейде білікті кадр даярлау ісін жолға қойған университеттен жыл сайын жүздеген жас маман түлеп ұшады.

Осы орайда, бүгін игі дәстүр бойынша оқу орнының жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру факультетінің бітіруші түлектеріне диплом табыстау кеші өтті. Жиынды ашып беру үшін алғашқы сөзді алған Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева дәрігер атанған түлектерді құттықтады. Өз сөзінде «Біздің сүйікті түлектер, қадірменді ата-аналар, құрметті ұстаздар! Барлықтарыңызды бүгінгі диплом табыстау салтанатты кешімен құттықтаймын! Түлектер, сіздер 7 жыл бұрын өмірлеріңіздегі ең маңызды шешімдердің бірін қабылдап, осы университеттің табалдырығын аттаған едіңіздер. Ол шешімдеріңіз кездейсоқ емес деп ойлаймын. Сол шешімнен соң, 7 жыл бойы еңбек етіп, күні-түні сабақ оқып, емтихан тапсырып, бүгін міне, дәрігер деген жоғары мәртебеге ие болдыңыздар. Құрметті түлектер, өздеріңізге білім берген ұстаздар қауымын ұмытпаңыздар! Қашан да университетіміздің мәртебесін көтеріп, атын асқақтата берулеріңізге тілектеспіз!» деді Айнаш Ошибаева. Келесі кезекте, жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру факультетінің деканы Әлия Абдрахманова да бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, өз ісінің мықты маманы болуға шақырды.

Диплом табыстау салтанаты барысында барлығы 275 бітіруші түлек, оның ішінде 26 үздік диплом иегері марапатталды. Игі шара барысында факультеттің бұрынғы декандары мен оқытушы-профессорлары түлектерге ақ тілектерін арнап, бата берді. Атап айтар болсақ, профессор, академик, «Құрмет» орденінің иегері Нұрділлә Түзелбаев, Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Асқар Сатханбаев, Арнайы хирургиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Жүнісов және өзгелер интернатураның үздік түлектеріне қызыл дипломдарын табыстады. Диплом табыстау шарасы әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Онда күміс көмей әншілер ән шырқаса, бишілер мың бұрала билеп, шараның шырайын арттыра түсті. Жиын барысында факультетте еңбек ететін ұстаздар мен ата-аналарға сөз кезегі де берілді. Әдемі тілек пен бата берілді. Бір сөзбен айтқанда, саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласының дамуына арнауды мақсат еткен жас мамандар қолдарына дипломдарын алып, университет қабырғасынан түлеп ұшты. Ендеше ұлт саулығының сақшысы атанған ақ халаттылардың алдағы жұмыстарына сәттілік, бастамаларына табыс тілейміз!

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың жоғары медициналық білімінен кейінгі білім беру факультеті қазіргі уақытта сапалы маман даярлау сынды маңызы зор міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Бұл факультет қазіргі уақытта оқытудың соңғы заманауи тәсілдері мен бағдарламаларын пайдалана отырып, практикалық тұрғыда тәжірибесі жоғары медицина мамандарын даярлауды негізгі мақсат етіп алып отыр. Мұнда интернатурада «Жалпы медицина», «Стоматология» мамандықтары бойынша және 31 резидентураның білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Нәтижесінде факультеттен соңғы жаһандық сұраныс пен талаптарға жауап бере алатын, кәсіби тұрғыда машықтанған, теориялық білімін жетілдіріп, практикамен ұштастыра білген сапалы мамандар даярланып шығады. Бұдан бөлек, факультет білім беру бағдарламаларының, оқу жоспарларының, пәндердің оқу бағдарламаларының әзірленуін және тәжірибеде қолдануын қадағалайды. Клиникалық база да бар. Бұл интернатурада оқитын жастардың тәжірибесін толықтырып, теориялық білімін жетілдіре түсуіне мұрындық болады.

 


ПІКІР ЖАЗУ