ӨЗБЕКСТАНДА САЛЫНАТЫН АЭС ҚАНДАЙ БОЛМАҚ
Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Оның құрылысын бастау туралы құжатқа Ресей Президенті Владимир Путиннің биыл 27 мамырда Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылды.
Сарапшылардың болжамына сай, 2050 жылға қарай Өзбекстанда энергияға деген сұраныс 2 есе артады. Тиісінше, экономиканы тұрақты дамыту үшін ел үкіметінің алдына негізгі энергия көзін жасақтау міндеті қойылды.
«Қазір әлем елдерінің үлкен және аз қуатты атом электр станцияларын салуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан «Росатоммен» ынтымақтастықты кеңейту біздің энергетикалық кешенімізді атом энергетикасындағы озық технологиялармен бекемдей түсуге мүмкіндік ашады деп санаймыз», — дейді Өзбекстанның Атом энергиясы агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев.
Ведомствоның мәліметінше, әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Жизақ облысындағы Тузкан көлінде салынады. Ресейлік «Росатом» құрылыстың бас мердігері болады, сонымен қатар құрылысқа өзбекстандық компаниялар да тартылмақ.
«Құрылыс күзде басталады. Алдын ала таңдалған алаң зерттелді, оның жарамдылығы мен қауіпсіздігі тексерілді. Бұл жобаны іске асыру мерзімін едәуір қысқартады», — деп мәлім етті агенттіктен.
Жизақ облысында салынатын аз қуатты АЭС-тің реакторлары «РИТМ-200Н» деп аталады. Атом энергиясы агенттігінің ақпаратынша, ол Ресейдің атом энергетикасы саласындағы ең озық технологиялары қолданыла отырып әзірленген. Әр реактордың жылу қуаты – 190 МВт, өндіретін электр қуаты – 55 МВт, қызмет ету мерзімі – 60 жылға дейін. «РИТМ-200Н» сериялы реакторлар Арктиканың қатал климаттық жағдайында жүк тасымалымен айналысатын кемелерге орнатылып, сынақтан өткен.
«2012 жылдан бастап «Арктика», «Сібір», «Орал», «Якутия» және «Чукотка» әмбебап мұзжарғыш кемелері үшін 10 «РИТМ-200» реакторы жасап шығарылды. Алғашқы үшеуі қазірдің өзінде пайдалануға беріліп, Арктиканың батыс аймағындағы кемелерде қолданылып келеді. Сондай-ақ, «РИТМ-200» реакторы базасындағы АЭС бүгінде Усть-Куйга ауылында (Якутия) салынып жатыр. Оның бірінші энергоблогын 2027 жылы іске қосу жоспарланса, ол толық қуатта 2028 жылдан бастап жұмыс істемек», — делінген Атом энергиясы агенттігінің түсіндірмесінде.
Өзбекстандық сарапшылардың пайымдауынша, «РИТМ-200Н» реакторлары негізінде салынатын атом электр станциясының қауіпсіздігі көп деңгейлі механизмдер мен арнайы қорғаныш қабатының көмегімен қамтамасыз етіледі. Бұл жүйелер апаттың алдын алады және бірнеше деңгейлі механизм қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтардың бөлінуін тежейді.
«Атом электр станциясының Орталық Азия елдері үшін ұтымды тұстары көп. Сондықтан түрлі қуаттағы АЭС-терді салу «энергия-миксті» сақтап тұруға бағытталған. Қандай да бір энергия өндіру көздеріне тәуелді болып отыру орынсыз. Бұған дейін Өзбекстан қуаты 2,4 млрд МВт болатын үлкен АЭС салуды жоспарлаған. Дегенмен, қазір сол белгіленген орында аз қуатты атом электр станциясының құрылысын бастау көзделіп отыр», — деді «Ma’no» зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтиёр Эргашев.
Оның пайымдауынша, Өзбекстанның бұл стратегиясы орынды. Өйткені, бұл ел бастапқыда аз қуатты АЭС салу арқылы оның жұмысын, қауіпсіздігін бақылап, болашаққа жоспар жасайды.
«Біртіндеп атом генерациясын дамыту жоспарының болуы өте маңызды. Атап айтқанда, біз АЭС саламыз, оны тексереміз, кадрлар дайындаймыз. Осы кезеңдер сәтті өтсе, онда менің ойымша, Өзбекстан үлкен қуаттағы станцияларды салуға қам жасайды», — деп тоқталды Бахтиёр Эргашев.
Сарапшылар атап өткендей, аз қуатты атом электр станцияларының өзіндік артықшылығы бар. Мәселен, үлкен АЭС-термен салыстырғанда оларды салуға аз уақыт кетеді.
«Кез келген даму энергияны қолдану көлемінің артуымен байланысты екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте, оны үздіксіз өндіруге қауқарлы тек АЭС. Бәлкім, болашақта өзге де энергия өндіру көздерінің баламасы пайда болатын шығар, алайда таяу уақыттағы тапшылықты жабудың негізгі шешімі атом энергетикасын дамыту. Аталған бағытта Өзбекстанда ілгерілеу бар, елімзде 6 реактор салынады. Олардың барлығы – бүгінге дейін сынақтан сәтті өтіп, белсенді қолданылып келе жатқан технология. Мәселен, реакторлар солтүстіктегі қатал климатта жүк тасымалымен айналысатын кемелерге орнатылған», — деп пікір қосты ӨР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің дерегіне сай, әлемде жоспарланып, түрлі талқылау кезеңінде тұрған шамамен 50 аз қуатты АЭС жобасы бар.