ТҰРҒЫН ҮЙДІ ЕНДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ БОЛАДЫ
Түркістан қаласы әкімдігінде тұрғын үй заңына өзгерістер мен толықтырулар еңгізу туралы баспасөз-конференциясы өтті. Баспасөз-конференциясында қала әкімінің орынбасары Төлегенов Талғат Байжанұлы мен тұрғын үй бөлімінің басшысы Үсенбаев Талғат Мырзабайұлы баяндама жасап, Түркістан қаласындағы халықты тұрғын үймен қамту, заңдағы жаңа өзгерістердің жүзеге асуы барысын кеңінен түсіндірді.
Бүгінгі таңда, Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 16579 құрайды. Оның ішінде: әлсіз топ – 6417, көп балалы отбасы – 5030, бюджеттік – 4963, тұл жетім – 166, апатты үй – 3.
Былтыр жалпы 961 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.
Биыл 22 қарашада Мемлекет Басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндігіне ие бола алады.
Сондай-ақ, Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру туралы қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Бұл қағидаларға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бір қатар санаттаға азаматтар ала алады: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық аппатан зардап шеккен адамдар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтары, Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтары, әскери қызметкерлер немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметкерлер, ғарышкерлер мен саяси қуғын-сүргін құрбандары.
Ал бұл санаттарға кірмейтіндер, қалдық бағалау құнынан алғашқы жарнасы — 30% төлеп, қалған сомманы 10 жылға бөліп төлеу арқылы жекешелендіре алады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде, нәтижесінде жоғарыда аталған санаттарға кірмейтіндерге қалдық бағалау құнынан алғашқы жарнасы — 10% төлеп, қалған сомманы 15 жылға бөліп төлеу арқылы жекешелендіруге мүмкіндік береді.