ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ САЯБАҚ АШЫЛДЫ

0

Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтары үшін қуанышты жаңалық – шаһарда жаңа, заманауи саябақ пайдалануға берілді. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жасанды көлі бар демалыс аймағы көпшілікке жайлы әрі тартымды орын болмақ.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, бұл нысанның қала келбетін көркейтіп қана қоймай, халықтың демалыс мәдениетін дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Саябақтың ашылуымен қатар, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт пен мәдени іс-шаралар кеші ел көңілінен шықты. Көпшілікке арналған бұл мерекеде Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова сынды елге танымал әншілер өнер көрсетті. Күлтегін этно-фольклор ансамблі, «Семсер» тобы, «Жастар» және «Жаңа леп» шығармашылық ұжымдары ұлттық және заманауи музыкалармен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалар мен ересектерге арналған цирк, аниматорлар, армандар шары шоуы, спорттық жарыстар, сурет салу және қыш бұйымдарын жасау шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

«Жаңа қала» аумағында орналасқан бұл саябақ 12,77 гектарды алып жатыр. Оның ішінде 38 438 шаршы метр жерге көгал төселіп, 8 мыңға жуық ағаш пен өсімдік отырғызылған. Саябақтың басты ерекшелігі – 19500 шаршы метрді қамтитын жасанды көл. Оның су сыйымдылығы – 60 000 м³. Көл үстінен ұзындығы 92 метрлік жаяу жүргіншілер көпірі, сондай-ақ шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар салынған. Демалушыларға арналған 270 орындық, 240 қоқыс жәшігі, жарық шамдар, шатырлар, тамақтану орындары, балалар алаңшалары және әкімшілік ғимарат қарастырылған. Саябақ бір уақытта 600 адамға дейін қабылдай алады. Бұл – Түркістан тұрғындарының бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне арналған заманауи, экологиялық және мәдени кеңістік. Жаңа саябақ – Түркістан қаласының урбанистикалық дамуындағы жаңа кезеңнің көрінісі. Қаланың көркейіп, заманауи келбетке ие болуы тұрғындар үшін жасалып жатқан нақты игілікті істермен дәлелденіп отыр. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар мәдени іс-шаралар өткізуге, балалардың шығармашылық дамуына және отбасылық серуендерге арналған әмбебап кеңістікке айналды. Түркістандағы бұл жаңа демалыс аймағы – қала инфрақұрылымының сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Табиғатпен үндескен жасанды көл, жасыл желек, мәдени іс-шараларға арналған алаңдар – мұның барлығы қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.


ПІКІР ЖАЗУ