ТҮРКІСТАН ТАРИХИ ОРТАЛЫҚТАН СӘУЛЕТТІК СИМВОЛҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

0

Тарихи терең тамырларынан нәр алған Түркістан бүгінде жаңа келбетімен де танылып келеді. Қалада жүріп жатқан ауқымды құрылыс пен абаттандыру жұмыстары оның тек мәдени-рухани астана ретіндегі мәртебесін емес, сонымен қатар заманауи инфрақұрылыммен жарақталған, архитектуралық тұрғыдан үйлесімді шаһарға айналып келе жатқанын дәлелдейді.

Осы ретте Түркістан қаласы әкімінің төрағалығымен өткен арнайы сәулеттік кеңес отырысы қаланың болашақ бейнесін айқындайтын маңызды қадам болды. Кеңеске қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы, салалық басқарма жетекшілері, сәулетшілер, жобалаушы ұйымдар мен шығармашылық топтардың өкілдері қатысты. Кеңесте Түркістан аумағындағы бірнеше маңызды нысан мен жоба талқыланды. Нақтырақ айтсақ, біріншісі — Яссы секторы мен Кентау тасжолы бойындағы абаттандыру. Қаланың өсіп келе жатқан аумақтарының бірі — Яссы секторы. Мұндағы Кентау тасжолы бойындағы көгалдандыру, тротуарлар, жарықтандыру жүйелері мен қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру мәселелері көтерілді. Жоба тек функционалды емес, эстетикалық тұрғыдан да үйлесімді болуы тиіс деген талап қойылды. Екіншісі — темір жол вокзалы аймағын көріктендіру. Қала қақпасы саналатын темір жол вокзалы — Түркістанға келген әр қонақтың алғашқы әсерін қалыптастыратын орын. Бұл маңайда колонна элементтері арқылы тарихи реңк пен сәулеттік айшық беру жобасы ұсынылды. Үшіншісі — әлеуметтік нысандар орталығын дамыту. Яссы, Бекзат және Сауран секторларында мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын біріктіретін мультифункционалды қоғамдық аймақтар құру ұсынылды. Бұл — урбанизация үдерісімен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қадам.

Кеңес отырысының бір бөлігі қала символына айналатын ірі архитектуралық нысандарға арналды. Талқылауға ұсынылған жобалар қатарында «Көк Түрік» – көне түркі дүниетанымын бейнелейтін тарихи-мифологиялық монумент, «Екі дүние есігі» – сопылық философия мен рухани мәнді терең ұғындыратын нысан, «Ұлттық қазына» – қазақ халқының материалдық және рухани мұрасының көрінісі, «Хандар аллеясы» – қазақ хандары мен ел басқарған тарихи тұлғаларға арналған мемориалдық кеңістік бар. Бұл жобаларда тарихи символизм мен заманауи сәулет шешімдерінің үйлесімі басты назарға алынған. Архитектура тек ғимарат емес, ұлттың болмысын, жадын және келешекке жолдауын білдіретін өнер екені айқын аңғарылды. Жиында «Art-Alliance» шығармашылық тобы өз ұсыныстарын ортаға салды. Топ Түркістанның тарихын заманауи визуализациямен ұштастыратын жобалар пакетін ұсынды. Бұл ұсыныстар арқылы көне Түркістан тек тарихи жәдігер ретінде емес, қазіргі заманғы мәдени трендтермен үндесетін тірі қала ретінде танылмақ. Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Маратбекұлы мен қалалық бөлім басшысы Мұхит Қадірұлы жиын барысында әр жобаның маңызы мен нақты техникалық, заңнамалық аспектілеріне тоқталды. Олар жоспарлы дамудың тек идеямен емес, нақты орындалу механизмдерімен бірге жүруі қажеттігін атап өтті.

Түркістандағы сәулеттік даму бүгінгі күні жоспарлы, мәнді және тарихи негізге құрылған жаңа кезеңге өтті. Бұл — тек құрылыс емес, қаланың болмысын қалыптастыруға бағытталған өркениеттік процесс. Қабылданып жатқан шешімдер мен ұсыныстар Түркістанды тек туристік орталық емес, мәдени-урбанистік феноменге айналдыру мақсатына қызмет етеді.


ПІКІР ЖАЗУ