ТҰРҒЫН ҮЙ СЕКТОРЫ: САПА МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан қаласының даму күн тәртібіндегі маңызды мәселелер — тұрғын үй құрылысы, жылу маусымына дайындық және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжіліс осы салалардағы проблемаларды жан-жақты қарауға арналды. Аппарат отырысы бірқатар өзекті түйткілдерді ашып, нақты шараларды жедел қолға алудың қажеттілігін көрсетті.
Мәжілістің алғашқы бөлігінде тұрғын үй саясаты және халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Түркістан қаласында жалға берілетін және субсидиямен ұсынылатын пәтерлерге қатысты түгендеу жұмыстары жыл басынан бері жүргізілген. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Мырзабайұлының айтуынша, әсіресе қыс мезгілінде жылумен қамтуда қиындық туындайтын үйлерді анықтау — басты міндеттердің бірі болған. 1 және 2 мөлтек аудандардағы жылыту құбырларының тозуына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті зерделеу жүргізілді. Бұл жерде мәселе тек техникалық кемшіліктерде емес, уақытылы жөндеу жүргізілмеуі мен бақылау тетіктерінің әлсіздігінде екені байқалды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында мемлекет пен жеке инвестициялар есебінен 37 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл — қаланың урбанизациялық дамуының айқын көрсеткіші. Дегенмен, өсу қарқынына сай сапа мәселесі де өткір қойылып отыр. Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мұрәтіліұлының айтуынша, Жаңа қала шағын ауданындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерде 16 үйдің жертөлесіне күрделі жөндеу, 25 подъезге ағымдағы жөндеу, 8 шатырға реконструкция, 5 лифтіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасына байланысты техникалық сараптама жүргізіп, кемшіліктерді 1 апта ішінде жоюды қатаң тапсырды. Бұл — әкімдік тарапынан мердігер ұйымдарға деген талаптың күшейгенін және тұрғын үй құрылысына бейжай қарамайтынын аңғартады. Жиында қозғалған тағы бір маңызды мәселе — 2025–2026 жылғы жылу маусымына дайындық. Түркістанда жалпы 17 қазандық, 77 қазан, 56,243 шақырымдық жылу жүйесі бар. Алайда, «Жылу» МКК басшысы Ерғазы Абдурахманұлының мәліметінше, тұрғындар мен заңды тұлғалар мекемеге 86 млн теңге берешек. Оның 77 млн теңгесі заңды тұлғаларға, ал 9 млн теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Бұл — коммуналдық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуіне елеулі қауіп төндіретін фактор. Берешек мәселесін шешпей, қысқы кезеңге сапалы дайындық туралы айту қиын. Қала басшысы бұл бағытта жылу жүйелерінің қауіпті учаскелерін карта түрінде әзірлеуді, жаңғырту жоспарын дайындауды, төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмін жасауды, генераторлармен қамтамасыз ету және апаттық бригадаларды тәулік бойы кезекшілікке қою жөнінде нақты тапсырма берді.
Түркістанның тұрғын үй және жылу жүйелеріне қатысты жағдай — тек техникалық проблема емес. Бұл жерде мәселенің түп-төркіні жоспарлау, бақылау және орындалу тәртібінің жүйелілігінде жатыр. Қала әкімінің жиын барысында көтерген бастамалары мен берген тапсырмалары — осы жүйені қайта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар. Әр сала басшысы енді есеп беруші ғана емес, орындаушы және жауапты тұлға ретінде әрекет етуі тиіс. Себебі тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру — әкімдік пен халық арасындағы сенімнің негізі. Түркістан — тек тарихи емес, стратегиялық қала. Сондықтан мұндағы әрбір үйдің сапасы, әрбір қазандығының жұмыс істеуі — бүкіл өңірдің даму динамикасына әсер етеді. Аппараттық мәжіліс көрсеткендей, проблема бар — бірақ бақылау күшейген, шешімдер қабылданған, енді оларды нақты орындау — басты сын.