ТҮРКІСТАНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ТОСҚАУЫЛ КҮШЕЙЕДІ

Түркістан қаласында заңсыз құрылыс мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Қала әкімдігі бұл бағытта нақты шараларды қолға алып, құрылыс саласындағы тәртіпті күшейтуге ерекше ден қоюда. Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен жұмыс жиынында осы түйткілді мәселе кеңінен талқыланды. Жиынға қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, құқық қорғау органдары мен тиісті құрылым жетекшілері қатысты.
2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласы аумағында 71 құрылыс нысанының заң талаптарын бұза отырып салынғаны анықталған. Бұл – жергілікті басқару құрылымдарының дабыл қағуына негіз болған нақты статистика. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов баяндағандай, бұл нысандардың көпшілігі жобалық-сметалық құжаттамасыз, құрылыс салуға рұқсат беретін актісіз, техникалық қадағалау мен авторлық бақылаусыз жүзеге асырылған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша мынадай шаралар қабылданды. Яғни 21 нысан бойынша әкімшілік айыппұл салынды. 3 нысан бойынша сотқа талап-арыз жолданды. 24 нысан бойынша іс қаралу сатысында. 23 нысанға қатысты шара қолдану мүмкін болмай отыр (жер, меншік құқығы, рәсімдеу қиындығы және т.б. себептермен). Осылайша, қала әкімдігі заңсыз құрылысқа қарсы құқықтық және әкімшілік тетіктерді кешенді түрде қолданып отыр.
Жиын барысында Тәукехан даңғылы бойындағы бірнеше нысан бойынша сот шешімдерінің орындалмай отырғаны ерекше назарға алынды. Заңмен белгіленген сот актілерінің аяқсыз қалуы – құрылыс саласындағы жауапкершілікті төмендетіп, өзгелер үшін де теріс үлгіге айналуы мүмкін. Әкім Әзімбек Пазылбекұлы бұл мәселеге қатаң тоқталып, атқарушы органдар мен сот орындаушыларының үйлесімді жұмысын жолға қоюды тапсырды. Жаңа қала шағын ауданындағы №11 көше бойында орналасқан “Верано” мейрамханасы – заңсыз құрылыстың тағы бір айғағы. Тиісті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген құрылыс жұмыстары қала сәулетіне нұқсан келтіріп, тұрғындардың заңды мүдделерін елемеудің көрінісі ретінде бағаланды. Қала әкімдігі бұл нысанға қатысты шараларды да сот және әкімшілік деңгейде қолға алатын болады. Жиында алаңдаушылық тудырған тағы бір мәселе – заңсыз салынып жатқан 7 мектептің анықталуы. Бұл – тек әкімшілік заңбұзушылық емес, балалардың қауіпсіздігі мен білім беру сапасына тікелей әсер ететін маңызды проблема. Олардың төртеуіне әкімшілік шара қолданылса, үшеуіне қатысты құқықтық әрекет ету тетігі әзірге іске аспай отыр. Мұндай олқылықтар болашақта техникалық қауіпсіздік, өртке қарсы талаптар және санитарлық нормаларға қатысты елеулі тәуекелдер тудыруы мүмкін.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жұмыс жиыны қорытындысында құрылыс саласына жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Олар — әрбір заңсыз нысанға қатысты дербес шешім қабылдау, заң талаптарының бұлжымай орындалуын қамтамасыз ету, құқықтық негізде мониторинг пен ескерту тетіктерін жүйелі қолдану, сот шешімдерін орындату бойынша нақты механизм әзірлеу. Сонымен қатар, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне қоғаммен кері байланыс орнату, түсіндіру жұмыстарын күшейту және қала құрылысының бірыңғай концепциясын сақтау жөнінде нұсқау берілді. Түркістан қаласы бүгінгі таңда тарих пен заманауи сәулет тоғысқан жаңа мегаполиске айналуда. Мұндай қалада құрылыс мәдениеті, құқықтық тәртіп және жоспарлы урбанизация негізгі даму критерийлері саналады. Заңсыз құрылысқа тосқауыл қою — бір әкімдіктің немесе бөлімнің ғана міндеті емес, бұл — барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осыған байланысты қала басшылығы алдағы уақытта да құқықтық тәртіп пен құрылыс сапасын қамтамасыз ететін жүйелі шараларды жалғастыра беретінін мәлімдеді. Түркістан — заңмен және тәртіппен өркендейтін қала болуға тиіс.