САРЫАҒАШТА КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өз жұмысын жалғастырды. «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен бұл шара халық пен билік арасындағы ашық диалог орнатуға бағытталды. Қабылдауға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Уәлихан Рахиев және Жәнібек Сүлейеменов қатысты.
Шара барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша прокуратура, құқық қорғау органдары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшыларына, заңгерлер мен адвокаттарға, жеке сот орындаушыларына, медиаторларға, сондай-ақ су, газ, электрмен қамтушы ұйымдардың өкілдеріне, банк қызметкерлері мен депутаттарға сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қабылдаудың мәнін түсіндіре келе, Сарыағаштың еліміз үшін стратегиялық маңызы зор аймақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сарыағаш — мемлекеттік шекараның қақпасында орналасқан, халықаралық қатынастар мен экономикалық байланыстардың тоғысқан жері. Сондықтан мұндағы тұрғындардың пікірін тыңдау, ұсыныстарын ескеріп, нақты шешім қабылдау – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың ең тиімді тетігі. Алтынсары Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысының биылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң қабылдауды тапсырғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Осыған дейін Сарыағашта өткен жиындарда тұрғындар ұсынған ұсыныстар Парламенттік фракцияға жолданып, заң жобасына енгізу үшін қаралуда. Төраға қабылдауға келген азаматтардың барлық сұрақтары жауапсыз қалмайтынын, көтерілген әр мәселе бойынша нақты шаралар қабылданатынын айтты. Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – Сарыағаш және Келес аудандарына ортақ медициналық-әлеуметтік сараптама орталығына жаңа ғимарат салу және Қабыланбек ауылдық округінде мәдениет үйін тұрғызу болды. Бұл ұсыныстар аудан әкімдігі тарапынан қаралып, тиімділігіне талдау жасалмақ. Сонымен қатар, тұрғындар елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, инженерлік жүйелерді жетілдіру, ауыз судың сапасы мен қысымын арттыру, ішкі көшелерге асфальт төсеу сынды өзекті мәселелерді ортаға салды.
Электр қуатының сапасы жөнінде де көп шағымдар түсті. Партия өкілдері бұл мәселені облыстық филиалдың ерекше бақылауына алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, қала аумағында құрылыс нормаларының сақталуы, шекара маңындағы сауда ережелерін реттеу, көші-қон процесін бақылау, экология және тазалық мәселелері де талқыланды. Әлеуметтік сала мен жұмыспен қамтуға қатысты өтініштер тыңдалып, кейбір сұрақтарға заң шеңберінде түсіндірме берілді. Бұл қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл қағидат — билік пен қоғам арасындағы байланыс тетіктерін күшейтіп, азаматтардың үнін тікелей естуге мүмкіндік беретін жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы өз жұмысын халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім ұсынуға бағыттап отыр. Сарыағаштағы қабылдау кезінде билік өкілдері тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, әр сұраққа жекелей тоқталды. Бұл тәсіл азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға және қоғамдық мәселелердің шешімін жеделдетуге ықпал етеді. Тұрғындар өз мәселелерін ашық айтып, нақты жауап алуға мүмкіндік алды. Мұндай форматтағы кездесулер — партияның ел ішінде атқарып жатқан жұмыстарының тиімділігін көрсететін маңызды алаң.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы шекара бойындағы Сарыағашты тек экономикалық аймақ ретінде ғана емес, елдің абыройын айқындайтын өңір ретінде қарастырады. Сондықтан мұндағы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен тұрмыс деңгейін көтеру партияның басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінгі қабылдау барысында айтылған барлық ұсыныстар мен талап-тілектер партияның ерекше бақылауында болады. Әрбір мәселенің орындалуы мен шешілу барысы жүйелі түрде қадағаланып, нәтижесі халыққа хабарланбақ. Сарыағаштағы қоғамдық қабылдау — халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты үлгісі. Бұл шара елімізде азаматтардың үнін есту, пікірін ескеру және шешім қабылдау процесіне қатыстыру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Мұндай кездесулер жергілікті басқару мәдениетін нығайтып, азаматтық қоғамның дамуына серпін береді. Осылайша, «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан бұл қабылдау мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту жолындағы маңызды қадам болып отыр. Сарыағаш тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары енді нақты істерге ұласатынына сенім мол.









